Туризм саласын дамыту мақсатында еліміздің бірқатар өңірінде ойын аймақтарын салу мүмкіндігі бойынша әлеуметтік-экономикалық зерттеу жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жаңадан салынатын ойын аймақтары тек шетелдік туристерге қызмет көрсетеді. Ал ел азаматтарына аталған ойын алаңдарына кіруге тыйым салынады.
Әлемдік тәжірибе бірқатар елде тек шетелдіктерге арналған ойын аймақтарының болуы туристерді тартудың және курорттық инфрақұрылымды дамытудың тиімді тетігіне айналғанын көрсетіп отыр.
Мұндай тәжірибе ішкі әлеуметтік ортаға кері әсер етпей, экономикалық өсімге оң ықпал еткен. Зерттеу қорытындысына сәйкес, Маңғыстау облысы тұрғындарының 46%-ы шетелдіктерге арналған казино салу бастамасын қолдаған.
Экономикалық болжам бойынша, 2029 жылға қарай өңірге 148 мың шетелдік турист келеді деп күтіледі. Бұл 7 мың тұрақты жұмыс орнының ашылуына және бюджетке 1,2 млрд теңге салық түсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жетісу облысында сауалнамаға қатысқандардың 67 пайызы казино құрылысына қарсы емес екенін білдірген. Болжам бойынша, 2029 жылға қарай өңір жыл сайын 36 мыңға дейін шетелдік турист қабылдап, шамамен 700 жаңа жұмыс орны ашылады. Жергілікті бюджетке жылына 2,4 млрд теңге салық түседі деп болжанып отыр.
Алматы облысында респонденттердің 54,5 пайызы ойын аймақтарын салу бастамасын қолдайтынын атап өткен. Экономикалық талдауға сәйкес, 2030 жылға қарай өңірге келетін шетелдік туристер саны 22 810 адамға жетеді. Сонымен қатар 2028 жылға дейін екі ойын аймағынан 6,5 млрд теңге салық түсіп, 2 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.
Айта кетейік, ойын аймақтарын белгілеу және олардың қызметі «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жүзеге асырылады. Аймақтардың нақты шекарасын жергілікті атқарушы органдар айқындайды. Ал жұмыс тәртібіне сәйкес, ойын орындарына тек шетел азаматтары ғана кіре алады.