Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров елордадағы №165 референдум учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттан бүгінгі саяси маңызды күнге қатысты пікірін білдік.
Референдум - Қазақстандағы демократиялық процестердің көрінісі. Өйткені біздің еліміздегі өте маңызды дүниенің барлығын халқымыз өзі шешуі керек. Сондықтан менің ойымша, елді дамытудың, мемлекетті әрі қарай алға қарыштатудағы үлкен қадам, - деді Сайыров.
Ол әр азамат өз пікірін келіп көрсетуі қажет екенін айтты.
Елімізде бұған дейін 3 референдум болған. Оның екеуі Тоқаевтың кезеңінде болды. Бір референдум Конституцияға, ал екіншісі міне АЭС құрылысына байланысты өтіп жатыр. Бұл біздің еліміздегі тікелей демократия механизмінің дамып келе жатқанының көрінісі, - деп айтты Мәжіліс депутаты.
Сайыров бүгін бір жағынан мереке болса, екінші жағынан жауапкершілік тағылған күн екенін айтты.
Біздің қоғамымыз мемлекеттік шешімдерді қабылдаудағы жауапкершілікті сезініп жатыр деп ойлаймын, - деп ойын айтты ол.