Еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асты

31 Мамыр 2024, 17:29
402
Бөлісу:
Еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асты
Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесуінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Медицина, фармацевтика, биотехнология саласындағы ғалымдарымыздың әлеуеті өте жоғары. Елімізде сұранысқа ие препараттардың баламасын, вакциналарды және басқа да медициналық өнімдерді өндіруге қабілетті ірі кәсіпорындар табысты жұмыс істеп жатыр. Халықты отандық медициналық бұйымдармен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейін кезең-кезеңімен көтеру маңызды. Біз осы салада халықаралық деңгейдегі жетекші компаниялармен қарым-қатынас орнатып жатырмыз.

Отандық денсаулық сақтау саласының дамуы халықтың орташа өмір сүру ұзақтығынан көрінеді. Қазақстанда бұл меже 75 жастан асты. Бірақ осы көрсеткіш бойынша әлемдегі жетекші елдерден ондаған жылға артта қалып қойдық. Бұл – біз ұмтылатын мақсаттың бірі, - деді ол.

Президент Қазақстан агроөнеркәсіп кешене де тоқталды.

«Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін дамытуда мол әлеуетке ие әрі аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қоса алады. Бірақ, өкінішке қарай, бұл – алға қойылған мұрат қана. Ол үшін көп жұмыс істеу керек. Ауыл шаруашылығындағы барлық мүмкіндікті іске асыру мақсатында еңбек өнімділігін едәуір арттыру қажет. Сондықтан аграрлық ғылымды дамытудың, агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологияларды енгізудің мәні зор.

Ғалымдарымыз малдың тұқымын асылдандырумен айналысып, климатымызға бейімделген, мол өнім беретін әрі қуаңшылыққа төзімді өсімдік сұрыптарын шығарып жатыр. Бұл жұмысты барынша күшейту қажет. Еліміздің орасан зор көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану керек. Транскаспий халықаралық көлік бағыты әлемдік саудада мол мүмкіндіктерге жол ашады. 2027 жылға қарай осы дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемін жылына 10 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Еліміздің Еуразиядағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін нығайту үшін автокөлік, әуе және теміржол тасымалын дамытқан жөн, - деді Президент.

Өзгелердің жаңалығы