Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі «Кедейлік шегінің мөлшерін айқындау туралы» бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құжатта көрсетілгендей, енді елімізде кедейлік шегі жаңа есептеу тәртібі бойынша айқындалмақ.
Қазақстан Республикасы бойынша кедейлік шегі:
- 2023 жылғы 1 шілдеден бастап – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген тоқсанының алдындағы тоқсанға есептелген ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде;
- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген тоқсанының алдындағы тоқсанға есептелген медианалық табыстың 50 пайызы мөлшерінде айқындалсын, - делінген министр қол қойған бұйрықта.
Құжат 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, қазір кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на тең. Демек, қазір күнкөріс деңгейі 40 565 теңге болса, оның 70 пайызы – 28 397 теңге.