Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметінен хабарлады.
«Еліміздің барлық облысындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы қызметтер мемлекеттік стандартта көрсетілген талаптарға сай, қалыпты тәртіпте көрсетіліп жатқанын хабарлайды», - делінген хабарламада.
Бүгінде қызмет алушылардың көптігі Алматы қаласындағы мамандандырылған ХҚО-ларда ғана байқалуда. Бұл Алматы қаласында көліктерді алып-сататындардың көптігі мен жақын жатқан аймақ тұрғындарының автокөліктерін сонда қайта рәсімдеп, жүргізуші куәлігін ауыстыруға баратынымен байланысты.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР ІІМ 1 шілдеден бастап мәліметтердің алмасуын қамтамасыз ететін жаңа веб-модулді іске қосуына байланысты, мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінде ақау шығып, салдарынан барлық мамандандырылған ХҚО-ға келушілердің өтініштері дер кезінде қаралмай, үлкен кезек туындаған болатын.
"Бұл ретте мемлекеттік корпорация өз тарапынан халық наразылығын басып, кезекті тарату үшін қосымша қызметкерлерді тартып, «соңғы клиентке» дейін жұмыс істеді. Халық ыңғайлығы үшін egov.kz порталы арқылы қызметті онлайн алуға көмектесетін кеңесші мамандар жұмылдырылды", - дейді мамандар.
Айта кетейік, көліктерді қайта тіркеп, жүргізуші куәлігін алу қызметтері бойынша мамандандырылған ХҚО-ларда шілденің 1-8 аралығында 40 мыңға жуық қызмет көрсетілді, оның 9 мыңнан астамы тек Алматы қаласына тиесілі.