Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Еліміздегі алғашқы арнайы кітапхана Семейде салынды

8 Мамыр 2025, 13:39
770
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Семей қаласында көру қабілеті шектеулі азаматтарға арналған арнайы кітапхана ғимараты пайдалануға беріледі. Бұл – Қазақстандағы әзірге баламасы жоқ, ерекше форматтағы мәдени мекеме болмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоба «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен «Кемелді қадам» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылуда. Қала әкімдігі ғимарат құрылысы үшін қаланың ішкі аймағынан, Зағиптар қоғамы шағынауданына жақын жерден жер телімін бөлді. Бұл – арнайы кітапханаға тұрақты келетін азаматтардың көпшілігі шоғырланған аумақ.

Қазіргі таңда ғимараттың құрылысы мен әйнектелуі аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары мен жиһаз орнату жұмыстары жүріп жатыр. Алда – аумақты абаттандыру мен кітапхананы көшіру үдерісі тұр.

Кітапхана кеңістігі көпфункционалды аймақ ретінде жобаланған. Онда оқу залдары, кітап клубтарына, дәрістерге, семинарлар мен көрмелерге арналған алаңдар, сондай-ақ жайлы демалыс аймақтары қарастырылған. Мұның бәрі оқуға, әлеуметтенуге және тұлғалық дамуға қолайлы орта. Жаңа кітапхана жыл сайын 20 000 адамға дейін қызмет көрсетіп, білім мен оқу ресурстарына қолжетімділікті арттырады.

Кітапхана көру қабілеті бұзылған азаматтарды 100% қамтуды мақсат тұтып, Брайль қарпіндегі, CD-дискілердегі және дыбысталған кассеталардағы арнайы әдебиеттермен қамтылған. Кітап қоры жыл сайын мемлекеттік қаржы есебінен толықтырылып отырады.

Бұл жоба – инклюзивті қоғам құру жолындағы маңызды қадам әрі ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың толыққанды өмір сүруіне жасалған нақты қолдау.

Өзгелердің жаңалығы