Елімізде жыл сайын 21 мыңға жуық түлек ЖОО-ға түсе алмайды – депутат

30 Наурыз 2022, 13:28
2205
Бөлісу:
Елімізде жыл сайын 21 мыңға жуық түлек ЖОО-ға түсе алмайды – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанова Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.


Ол Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім беру сапасын арттыру мәселесінде қалалық және ауылдық мектептер арасындағы орта білім сапасындағы алшақтықтың өскенін және жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегінің кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмайтынын ерекше атап өткенін алға тартты. 

Жастардың бұл санаты жұмыссыздар мен маргиналдардың қатарын толықтырады. Олардың көпшілігі криминалдық және экстремистік топтардың ықпалына түседі. Бұл проблеманы шешу жолдарының бірі - ауыл жастарын алдағы уақытта ауылдық жерлерде жұмыс істеуге мүмкіндік беру үшін  білім алуға тарту, - деп айтты депутат.


Оның мәліметінше, қазіргі уақытта «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» бағыттары бойынша студенттерді қабылдауды  конкурс нәтижесінде мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастыратын барлық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары іске асырады. 


Яғни мамандарды даярлауды бейінді емес университеттер дайындайды, бұл білім сапасына айтарлықтай әсер етеді. Біз осы бағыттар бойынша бөлінетін мемлекеттік тапсырысты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, бейінді білім беру ұйымдарының арасында ғана квоталау мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Нысаналы орындарға ие бола отырып, жоғары оқу орындары мақсатты және алдын ала кәсіптік бағдар беру жұмысымен айналыса алады және ауылда жұмысқа орналасу перспективасымен дәл осы мүдделі жастарды қабылдай алады, - деп атап өтті Бижанова.


Сонымен қатар ғылымның төмен сапасы мен тиімділігін магистрантты даярлауға арналған жылдық шығыстарды қаржыландыру жөніндегі тәсілдерге сүйене отырып бағалауға болады. Қазіргі уақытта 1 магистрантты даярлауға арналған жылдық шығыстар жоғары білімі бар 1 маманды даярлауға арналған  жылдық шығыстардан төмен, дегенмен, дәл осы магистратурада жас ғалымда зерттеушінің дағдылары қалыптасады. 


Ерекше мәртебесі жоқ жоғары оқу орындарында магистратура бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландыру мөлшері ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындарына қарағанда 65%-ға төмен. Бұл төмендету мүлдем негізделмеген және магистрлерді даярлау сапасына қатты әсер етеді. Нәтижесінде, біз жастар арасындағы ықтимал ғылыми әлеуетті де, бюджет қаражатын да жоғалтамыз, - деп толықтырды мәжілісмен.


Депутат Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 20 сәуірдегі №253 қаулысына өзгерістер енгізуді, онда ерекше мәртебесі жоқ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары үшін магистранттарды оқытуға жұмсалатын орташа шығыстарды қайта қарап, оларды ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындарының магистранттары деңгейіне дейін арттыруды ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы