Елімізде жыл басынан бері 100-ден астам шенеунік пара алғаны үшін сотталған - Антикор

6 Тамыз 2021, 17:35
1832
Бөлісу:
Елімізде жыл басынан бері 100-ден астам шенеунік пара алғаны үшін сотталған - Антикор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров «Antikor news» жобасы аясында өткен баспасөз конференциясы барысында хабарлады. Сондай-ақ жыл басынан бері қанша тұлғаға қатысты іс қозғалғанын баяндады.

Агенттік тергеушісінің айтуынша, 2021 жылдың өткен кезеңінде 921 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген. Оның 725-і сотқа жіберіліпті.

Аталған қылмыстық істер бойынша 110 лауазымды тұлға ұсталды, 101 адамға қатысты «күзетпен ұстау» және 26 адамға қатысты «үйқамақ» бұлтартпау шарасы қолданылды, - деді тергеуші Данияр Бекайдаров.

Сонымен қатар биыл 7 ай ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік органдарға қылмыстық құқық бұзушылық және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою бойынша 567 ұсыныс енгізген.

Қарау нәтижелері бойынша 429 адам тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты (сөгіс – 151, қатаң сөгіс – 78, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту – 58, ескерту – 54, жұмыстан босату – 46, атқаратын лауазымынан босату – 33, лауазымын төмендету – 4, әкімшілік. жауапкершілік – 5).

Бұл кезең ішінде барлығы 520 тұлға сотталды, 131 тұлға пара алғаны үшін істі болса, 222 адам – пара бергені үшін, 12-і – делдалдық үшін, 71 – алаяқтық, 35 – ұрлау, 32 – лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану, 9 адам билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін жаза арқалады, - деп атап өтті тергеуші.

Өзгелердің жаңалығы