Елімізде жүрек трансплантациясының жүзінші отасы жасалды

Кеше, 23:47
145
Бөлісу:
Елімізде жүрек трансплантациясының жүзінші отасы жасалды
Фото: University Medical Center

Елімізде жүрек трансплантациясының 100-ші отасы жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осыған орай Астанада жүрек трансплантациясының жүзінші операциясына арналған форум ұйымдастырылды.

Жүрек трансплантациясының 100-ші отасын өткізу – Қазақстан медицинасы үшін үлкен жетістік. Бұл трансплантология саласының одан әрі дамуына серпін беріп қана қоймай, халықтың мәйіттік донорлыққа деген көзқарасын өзгерту үшін кешенді стратегия қалыптастырудың маңыздылығын көрсетеді. Бүгінде Қазақстанда трансплантология саласын дамытуға барлық жағдай жасалған: заманауи жабдықталған трансплантациялық орталықтар, жоғары білікті трансплантолог-дәрігерлер, донорлық пен трансплантацияға қатысты нормативтік-құқықтық база бекітілген. Алайда бұл саланың дамуы қоғамның қолдауынсыз мүмкін емес. Осындай маңызды қадамдарды түсіну, саналы донорлық мәдениетті қалыптастыру және бір-біріне қолдау көрсету – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Себебі сенім деңгейі мен көмек көрсетуге дайындық – өмір мен өлімнің арасындағы шекараны айқындайтын фактор, - деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығының мәліметінше, қазіргі таңда жүрек трансплантациясын күтіп жүрген 142 пациент бар, оның ішінде бесеуі – балалар. Бұл тізім жыл сайын ұлғаюда. Оның басты себебі – мәйіттік донорлыққа жақын туыстардың келісім бермеуі.

Дәрігерлердің айтуынша, елде потенциалды донор тапшылығы жоқ: жыл сайын шамамен 300 адамның ми өлімі тіркеледі, алайда трансплантацияға жарамды ағзалары сау күйінде қала береді. Егер донордың туыстары медициналық көрсеткіштерге сәйкес келетін жағдайда келісім берсе, бір донордың органдарымен 5-6 адамның өмірін сақтап қалуға болар еді. Бүгінгі күнге дейін донорлық жүрек трансплантациясының арқасында 100 адамның өмірі құтқарылды.

Жүзінші трансплантация жасалған науқас – созылмалы жүрек жеткіліксіздігінен төрт жыл бойы механикалық жүрек қолдау құрылғысымен өмір сүрген 53 жастағы ер адам.

Біздің тәжірибе – донорлықты дамыту не үшін қажет екенін айқын көрсететін мысал. Донордың туыстары үлкен адамгершілік танытып, өз жақындарының жүрегін менің жұбайыма беруге келісімін берді. Біз үмітімізді үзген едік, бірақ кенеттен Астанаға жедел ұшып келуімізді сұраған қоңырау алдық. Барлық қауіп-қатерге қарамастан, ота сәтті өтті. Бұл түн біз үшін ең ұзақ әрі ең алаңдаулы түн болды. Алда ұзақ оңалту кезеңі бар. Біз өте бақыттымыз, өйткені көптеген науқас жылдар бойы күтіп, өкінішке қарай, донорын таппай кетеді, – деді реципиенттің жары Айнұр Молдабекова.

Қазақстанның жетекші кардиохирургі Юрий Пя трансплантация медицинасы кез келген елдің дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі екенін атап өтті.

Жүрек трансплантациясы – басқа органдардың трансплантациясынан айырмашылығы, тек мәйіттік донорлық арқылы жүзеге асатын процесс. Сондықтан бұл қоғамның жетілу деңгейін көрсететін факторлардың бірі. Біздің елде жүзінші жүрек трансплантациясының орын алуы – өмірге, бір-бірімізге деген көзқарастың өзгеруі. Біз қазір осы әлемге есік ашып жатырмыз, және болашақта трансплантацияға мұқтаж әрбір науқас қажетті көмекті алатынына сенімдімін, – деді University Medical Center Басқарма төрағасы, Heart Center Foundation қоғамдық қорының тең құрылтайшысы.

Айта кетейік, Қазақстандағы жүрек трансплантациясының 100-ші отасының жүзеге асуына ең алдымен донорлардың туыстарының адамгершілігі, дәрігерлердің ерен еңбегі және барлық кардиохирургиялық орталықтардың үйлестірілген жұмысы себеп болды.

Өзгелердің жаңалығы