Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың кезекті жаңа қаулысы жарияланды. Қаулы 2021 жылғы 3 мамырда сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.
Қаулыға сәйкес еліміздегі мешіттер аумағында жұма намазын оқуға рұқсат берілді.
Мешіттер, православие шіркеулері және басқа да діни объектілер аумағында ұжымдық діни іс-шараларды (оның ішінде «жұма намазы», күнделікті православиелік дұғалар және басқаларын) ашық ауада өткізу маска режимі мен бір адамға кемінде 4 метр есебінен әлеуметтік қашықтық сақталған кезде жүзеге асырылады, – делінген қаулыда.
Айта кетейік, ҚМДБ Төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айының алғашқы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, ел мұсылмандарының жұма намазын асыға күтіп жүргенін хабардар еткен еді.
Мемлекет басшысы елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталатынына, мешіттердің толық ашылатын күні алыс емес екеніне сенім білдірген болатын.