Қазақстанда жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып келеді. Өткен аптада республика бойынша 198 532 ЖРВИ жағдайы тіркелді, бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,7 есе аз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ағымдағы эпидемиялық маусым басталғалы бері 2 295 тұмау жағдайы расталды. 2 268 891 адам тұмауға қарсы екпе салдырған, бұл халықтың 11%-ын құрайды.
Дистанциялық оқуға жіберілген оқушылар саны да азаюда. Бүгінгі күнгі жағдай бойынша 269 мектепте 25 850 оқушы қашықтан оқып жүр. Алдыңғы тәулікпен салыстырғанда дистанциядағы балалар саны 73,5%-ға, мектептер саны 40%-ға қысқарған.
Санитарлық қызметтер профилактикалық шараларды сақтаудың маңыздылығын еске салады: ауру адамдармен байланысты шектеу, халық көп жиналатын орындардан аулақ болу, жабық жерде маска пайдалану, үй-жайларды желдетіп тұру, ылғалды тазалау жүргізу және қол гигиенасын сақтау.