Әке аманаты жайындағы таңғажайып «Жошы» қысқаметрлі 2D анимациялық фильмі жобасы желтоқсанда қалың көпшілікке жол тартады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Дайындық жұмыстары 1 тамыздан басталған анимациялық фильмнің сюжеті ежелгі түркілердің көмескілене бастаған дүниетанымы мен даналық, ақыл-парасаты негізінде өрбиді.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «Astana Film» жастар киностудиясы түсіріп жатқан анимациялық фильмнің режиссері –Жәнібек Оразалы. Көмекші режиссер және қоюшы суретші Асхат Исмағұлов болса, кейіпкерлер авторы – Саят Саманбек.
Фильм режиссері Жәнібек Оразалы – Қазақстандағы анимациялық кино өнері саласында елеулі еңбек етіп жатыр. 2009 жылы астанада тұңғыш анимациялық кино студия «Astana film жастар киностудиясын» құрып, бірқатар фильм түсірді.
Оның айтуынша, бала тәрбиесіне ежелден ерекше мән беретін қазақ халқы әке мен бала арасындағы салмақты, сабырлы махаббатты жоғары қойған.
Мұндағы мақсат – Шыңғыс хан, Жошы, Бату, яғни ата, әке, немере арасындағы тәрбиелік қарым-қатынасты үлгі ете отырып, тарихи дерек негізінде қызықты сюжет арқылы әке аманаты мен бала тәрбиесін бүгінгі ұрпаққа дәріптеу.
Кино – шындықты құрудың маңызды құралы. Анимациялық фильмді түсірудегі негізгі мақсат –Жошы есімінің ұлықталуына себепкер болу. Атадан балаға жалғасқан аманатқа деген жауапкершілік бала тіліне лайық суреттелетін болады. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет», деген болатын. Бізосы рухты сөзді алға тарта отырып, Алтын Орданың түп атасы Жошы хан туралы анимациялық фильмді ұсынамыз, - дейді фильм режиссері Жәнібек Оразалы.
Дешті Қыпшақ даласының билеушісі Жошы хан – дүниені дүр сілкіндірген әйгілі Шыңғыс қағанның бәйбішесі Бөртеден туған үлкен ұлы. Ғұмырының соңына таман Жошы ұлысын құрып, ұлан-ғайыр атырапқа әмірін жүргізді. Алтын Орданың іргесін қалап, одан ары дамытуды ұлы Батуға аманаттап кетті. Жошының ақтық демі қазақ жерінде үзіліп, Ұлытау бөктерінде жерленді.
Хронометражы 10 минут болатын тарихи, шытырман оқиғаға толы отбасылық драма жалпы көпшілікке арналған. Жоба жұмыстары қараша айында толық аяқталады.