Елімізде «жасыл» қаржы нарығында қажетті құқықтық орта қалыптасқан

26 Сәуір 2023, 16:01
747
Бөлісу:
Елімізде «жасыл» қаржы нарығында қажетті құқықтық орта қалыптасқан
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстанның қаржы нарығына ESG қағидаттарын енгізу және оны дамыту» жайында өткен брифингте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, экология, әлеуметтік даму және корпоративтік басқару саласында жаһандық мақсаттарға қол жеткізу үшін тұрақты даму қағидаттарын қолдану ерекше маңызға ие.

ESG қағидаттарын ескере отырып, жасыл экономиканы және компаниялардың трансформациясын қаржыландыруды қамтамасыз ететін тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыруда қаржы секторы негізгі рөл атқарады, - дейді Мария Хаджиева.

Әлем елдері басшылыққа алатын ESG саласындағы ең маңызды халықаралық келісімдер БҰҰ-ның тұрақты даму мен климаттың өзгеруі жөніндегі Париж келісімін айтуға болады. Бұл келісімдер экологиялық тұтастықты, жасыл экономиканы және өзгермелі климатқа бейімделуді қолдауға бағытталған.Осы орайда, еліміздегі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қызметінің негізгі басымдықтарының бірі тұрақты даму мақсатына қол жеткізу үшін ESG критерийлерін қаржы ұйымдарының стратегиялары мен бизнес-модельдеріне кезең-кезеңімен біріктіру.

Қаржы секторы «жасыл» экономиканы қаржыландыруды және қазақстандық компанияларды ESG тәуекелдерін ескере отырып трансформациялауды қамтамасыз етіп, орнықты даму қағидаттарын енгізуде шешуші рөл атқарады, - деді спикер.

Қазақстан 2016 жылы Париж климаттық келісімінің мүшесі ретінде тұрақты даму мен «жасыл экономикаға» көшудің жаһандық күн тәртібін қабылдады. 2021 жылдың қазан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі халықаралық конференцияда БҰҰ-ның парниктік газдар шығымын нөлдік деңгейге жеткізу жөніндегі үндеулерін қолдап, Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығы стратегиясын әзірлейтінін жариялады. Стратегияны Президент 2023 жылғы 2 ақпанда бекіткен еді. Негізгі мақсаты климаттың өзгеруіне және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына Қазақстан экономикасының орнықты дамуына қол жеткізу болды.

Қазақстанда «жасыл» қаржыландыруды дамыту үшін барлық қажетті құқықтық орта қалыптастырылған. 2021 жылғы қаңтарда жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Соның шеңберінде «жасыл» қаржыландыру және «жасыл» жобалар ұғымдарының заңнамалық анықтамасы енгізілді. Сондай-ақ «жасыл» ел экономикасының тұрақты дамып, шетелден инвестор тартуы үшін компаниялардың халықаралық стандарттарға сай болуы өте маңызды қағидалардың бірі, - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева.

Өзгелердің жаңалығы