Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта өткен «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жастардың әл-ауқатын көтеру мақсатында қабылданып жатқан реформалар туралы айтты.
Сөзінше, елімізде жастардың саны өсіп келеді.
Жастар мәселесі – еліміз үшін басым бағыттардың бірі. Президенттің бастамасымен кешенді саяси өзгерістер мен конституциялық реформа қолға алынғанын білесіздер. Оның барлығы демократиялық, әлеуметтік және әділетті мемлекет құру үшін қабылданып жатқан шаралар. Конституцияға енгізілетін маңызды өзгерістер халықтың таңдауына беріліп, референдумға шығарылып отыр, - деді Сенат спикері.
Айтуынша, бұл өзгерістер қазақстандықтардың өмірін жақсартуды, бәсекелестікке қажетті жағдай жасауды және әр азаматқа өз әлеуетін іске асыру үшін мүмкіндік беруді көздейді.
Барлық реформаның түпкі мақсаты да жастардың әл-ауқатын арттыруға және олардың дамуына жағдай жасауға арналған. Бүгінде елімізде 4 млн-ға жуық жас бар. Яғни бұл еліміздің әрбір бесінші тұрғыны жас азамат деген сөз. 2000 жылдардың ортасында және екінші жартысында елімізде бала туу көрсеткіші күрт өсті. Сондықтан қазір жастардың саны үнемі өсіп отыратыны түсінікті. Бұл үрдіс 2030 жылға қарай өз шыңына жетеді деп болжанып отыр, - деп түсіндірді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы оның артықшылықтары көп екеніне назар аударды.
Сонымен қатар бұл жағдайдан туындайтын өзіндік мәселелер де болатынын ескеру керек. Себебі мемлекет жастарды сапалы біліммен және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ оларға лайықты жұмыс ұсынуға немесе өз бизнесін ашуға мүмкіндік жасауы тиіс, - деп атап өтті Әшімбаев Сенатта.