Қазақстандағы жалпыға бірдей декларациялау: кімдер декларация тапсыруы керек, қандай мүліктер мен табыстар көрсетіледі, салық есебін тапсыру шарттары мен ерекшеліктері туралы Мемлекеттік кірістер комитетінде өткен баспасөз конференциясы барысында жеке тұлғалардың табыстарын әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Кусаинова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді.
Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі міндеті:
- әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру;
- жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру;
- сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.
Кезеңдері
Бірінші кезең бойынша 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 580 мыңға жуық мемлекеттік қызметкерлер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары "кіру" декларациясын тапсырды.
Екінші кезеңде, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың шамамен 2,1 млн қызметкері, сондай-ақ олардың жұбайлары табыс етті.
Үшінші кезеңде, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны шамамен 3,9 млн жеке тұлғалар тапсырады – олар заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары.
Төртінші кезеңде, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың қалған санаттары табыс етеді (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалар). Жалпы 6,4 млн жеке тұлға қамтылады деп жоспарлануда.
Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне шамамен 13 млн. адам енеді деп күтілуде.
Қандай активтер көрсетіледі?
Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтардың "кіру" декларациясын табыс етуінен тұрады және декларацияда жеке тұлғаның барлық шетелдік активтері, жылжымалы, жылжымайтын мүліктері, атап айтқанда:
- шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік;
- шетелдік банктердегі 7,3 мың АҚШ долларынан асатын ақша қаражаттары (1 000 АЕК);
- шетелдік компаниядағы қатысу үлесі;
- бағалы қағаздар, сандық активтер (биткоиндар және т. б.);
- үлестік қатысу шарты (тұрғын ғимараттағы үлесі);
- инвестициялық алтын (құйма алтын);
- зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;
- 34,5 млн. теңге (10 000 АЕК ) шегіндегі қолма-қол ақша;
- 31.12.2023 жылға дейінгі басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған қарыз шарттары;
- құны 3,4 млн.теңгеден асатын басқада мүлік (қалауы бойынша) (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және т. б.) – бағалауды декларация тапсырылғанға дейін (31.12.2023 ж. жағдай бойынша) жасату қажет.
Декларациялауға қалай дайындалу керек?
Декларацияны табыстау кезінде Қазақстандағы және шетелдегі активтер туралы мәліметтер толыққанды болуы тиіс. Себебі, декларацияланған активтердің құны болашақта салық салынатын табысты айқындау кезінде ескерілетін болады.
Сондықтан декларацияны толтырмас бұрын тиісті растайтын құжаттарды алдын ала дайындауға кеңес береміз:
- тәуелсіз бағалаушыға 31.12.2023 жылғы жағдай бойынша құны 1000 АЕК-тен (3,5 млн.теңге) асатын мүлікті бағалату (қалауы бойынша)
- 31.12.2023 жылға дейін орын алған ақша қаражаттарын беру фактісі бойынша, нотариустардан қарыз алу шарттарын куәландыру
Қазақстанда активтер мен міндеттемелердің болуын келесі сайттар бойынша тексеруге болады:
1) Бағалы қағаздар бойынша https://portal.kacd.kz;
2) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша https://homeportal.kz; https://www.gov.kz/services/3910?lang=ru;
3) зияткерлік меншік, Авторлық құқық объектілері бойынша https://gosreestr.kazpatent.kz;
4) сенімгерлік басқаруға берілген мүлік бойынша https://egov.kz/cms/ru/services/pass077_mu;
Дебиторлық/кредиторлық берешектің (қарыз шартының) болуы бойынша сұрау салуды Doculite жүйесі арқылы Республикалық нотариаттық палатаға жіберу қажет.
Жыл сайынғы қандай декларация тапсырылады?
Одан кейін, жыл сайын күнтізбелік жыл ішінде алынған кірістер, шетелде мүлікті сатып алу не иеліктен шығару туралы мәліметтер көрсетілетін Кірістер мен мүлік туралы декларациясы (270.00-нысан) табыс етіледі.
Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар Қазақстанда және шетелде мүлікті сатып алу және иеліктен шығару туралы мәліметтерді, сондай-ақ оларды сатып алуға арналған шығыстарды жабу көздерін көрсетеді.
Осылайша, кірістер мен мүлік туралы жыл сайынғы декларацияда мыналар көрсетіледі:
- жеке тұлға дербес салық салатын кірістер (мүліктік кіріс, жалға беруден түсетін табыс, жылжымайтын мүлікті, көлікті, бағалы қағаздарды сатудан түскен кіріс, шетелден келген кірістер және т. б.)
- салық шегерімдері (медициналық шығындар, білім беру, ипотека бойынша төлемдер, көп балалы отбасылар үшін шегерім)
- өтеусіз алынған мүлікті (жылжымайтын мүлік, көлік, бағалы қағаздар, цифрлық активтер және т. б.) қоса алғанда, мүлікті сатып алу/иеліктен шығару
- қымбат мүлікті сатып алу көздері
- бағалы қағаздар, сандық активтер (биткоиндар және т. б.);
- үлестік қатысу шарты (тұрғын ғимараттағы үлесі);
- инвестициялық алтын (құйма алтын);
- жеке тұлғалар үшін нотариалды куәландырылған қарыз шарттары
- шетелдік компаниядағы қатысу үлесі;
- шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік;
- шетелдік банктердегі 7,3 мың АҚШ долларынан асатын ақша қаражаттары (1 000 АЕК);
Тапсыру тәсілдері?
Осылайша, салық декларациясын электронды түрде және қағаз жеткізгіште (ХҚКО-ларға, мемлекеттік кірістер органдарына немесе пошта бөлімшелері арқылы) ұсынуға болады.
Халыққа ыңғайлы болу үшін салық төлеушінің кабинеті арқылы декларацияларды тапсыру бойынша электрондық сервистер cabinet.salyk.kz), веб-портал (Moldir.qoldau.kz), «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz) және «Е-Salyq Azamat», Halyk, bcc.kz (Центркредитбанк), eGov mobile мобильді қосымшасы іске асырылды
Азаматтар ЭЦҚ алуға онлайн өтінім бере алады, ал мобильді қосымшаларға ЭЦҚ-сыз смс-код арқылы кіруге болады.
Қабылданған шаралар жалпыға бірдей декларациялау кезеңінде жеке тұлғалардың салық декларацияларын қабылдауды уақтылы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Халық арасында декларация тапсырудың ең танымал тәсілдері «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы және салық төлеушінің кабинеті болып табылады
Олардың үлесіне барлық қабылданған декларациялардың шамамен 95% - ы тиесілі.
Бүгінгі таңда азаматтардың 99 % - ы декларацияларды электронды түрде ұсынады.
Мобильді аударымдар бойынша салықтық бақылау қалай жүргізіледі?
Мобильді аударымдар жеке тұлғалар арасында өзінің жеке мақсаттары үшін қолма-қолсыз ақша аударымдарын жасауға арналған және оған салық салынбайды.
Мобилді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған.
Мәселен, 2022 жылы кәсіпкерлік мақсаттар үшін мобильді аударымдардың белгілері анықталды.
Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобилді аударымдар арқылы алады. Алайда, бұл аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады.
Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобилді аударымдар алған тұлғалар ғана, яғни, кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі.
«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес түрлі төлем тәсілдері қарастырылған – банк картасымен, QR төлемімен немесе қолма-қол ақшамен (25-бап).
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады және тұтынушылардың құқықтарын бұзады.
Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады, ал қайталап бұзған жағдайда – 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл салынады (ӘҚБтК-нің 194-бабы).
Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдау кезінде тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) қолма-қол ақшамен төлеу кезінде оларды сату бағасынан аспайтын баға бойынша сатуды жүзеге асыруға міндетті (Заңның 40-бабы).