Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Neo Nomad деп аталатын жаңа виза түрі енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл виза заманауи көшпенділерге – саяхаттап, қашықтан жұмыс істейтін шетелдік туристерге арналған.
Жаңа визалық режим пандемиядан кейін осындай бағдарламаларды сәтті енгізген 50-ден астам елдің халықаралық тәжірибесін назарға алған.
Neo Nomad визасын алу үшін шетелдік азамат Қазақстаннан тыс жерде тұрақты кірісінің бар екенін дәлелдеуі керек, оның мөлшері айына кемінде 3 000 АҚШ долларын құрауы қажет.
Сонымен қатар негізгі кіріс талаптарынан басқа, шетелдік өтініш берушіге медициналық сақтандыру және соттылығының жоқтығы туралы анықтама талап етіледі.
Виза қашықтан жұмыс істейтін туристерге, яғни бағдарламалау, маркетинг, қаржы, консалтинг, дизайн және электронды коммерция сияқты түрлі салаларда қызмет ететін шетелдік азаматтарға арналған.
Виза иелерінің бір жылға дейін Қазақстанда тұруға мүмкіндігі бар. Осы уақыт ішінде олар шетелдік компанияларда жұмыс істей алады.
Бұл шетелдік туристерге Қазақстан мәдениеті мен тұрмысын жақынырақ тануға мүмкіндік берсе, елге экономикалық пайда әкеледі деп күтілуде.
Виза енгізілген жағдайда жылына 500 адам оны алса, экономикалық әсер шамамен 3,6 млрд теңгені құрайды деп болжанып отыр.
Neo Nomad визасын пайдаланатын шетелдік азаматтар Қазақстанда тұрып, қаражатын осында жұмсайды, бірақ отандық еңбек нарығына әсер етпейді. Бұл бағдарламаның маңызды аспектісі.
Туризм және спорт, Сыртқы істер, Ішкі істер министрліктері және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде Қазақстан заманауи көшпенділердің саяхат картасына енді. Олардың әлемдегі саны 35 миллионнан асады, біз оларды елімізге тарту үшін барлық жағдайды жасауды көздеп отырмыз. Әсіресе Алматы мен Астана қалалары нео-көшпенділер үшін тартымды 150 қаланың қатарына кіреді, – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.