ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев ұлттық парктер мен қорықтар қызметі туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, елімізде жалпы ауданы 29,3 млн га болатын 161 ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) жүйесі бар. Оның ішінде заңды мәртебеге ие ЕҚТА аумағы 7,9 млн гектар. Бұл - 14 ұлттық табиғи парк, 10 қорық, 7 резерват аумағы.
2022 жылы ұлттық парктерге келушілер саны 2 млн-нан асты, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 25%-ға көп. Қазіргі таңда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіру үшін төленетін ақының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін ұлттық парктердің бақылау-өткізу пункттерін автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп атап өтті Тұрғамбаев Қазгидрометте өткен брифингте.
Мысалы, «Көлсай көлдері» ұлттық паркі өз қаражаты есебінен «Көлсай» бақылау-өткізу пунктін автоматтандырды. Бұдан басқа, ұлттық парктегі туристік ағымды мониторингтеу мақсатында және ЕҚТА-ға баруды алдын ала жоспарлау үшін жаңа сайт әзірленді.
Осы жұмыстың қорытындысы бойынша осы тәсілді барлық ұлттық паркке масштабтау мүмкіндігі қарастырылып жатыр.