Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша еліміздегі өңдеу өнеркәсібі саласында оң үрдіс байқалуда.
Атап айтқанда, биыл түсті металлургия өндірісінің көлемі 7,6 пайызға артқан. Соның ішінде рафинатталған мыс, алтын құймалары, күміс түйіршіктері, тазартылған алтын мен күміс, рафинатталған қорғасын және катодты мыс өндіру көлемі өскен.
Көптеген кәсіпорындарда өнеркәсіпті модернизациялау бойынша жұмыстар жүргізіліп, жаңа жобалар іске қосылуда. Мәселен, «Алтыналмас АК» АҚ компаниясы Жамбыл облысындағы «Ақбақай» алтын кен орнының өндірістік алаңдарында модернизация жүзеге асыруда. Осыған орай кен барлау жұмыстарында пайдаланылатын құрал-жабдықтар жаңартылып, диірмен құрылысы аяқталды және қажетті техникалар сатып алынды. Сондай-ақ «Цифрлық кен орны» жобасын өндіріске енгізу аясында SCADA қашықтан басқару бағдарламасы қолданылмақ.
Сонымен қатар Фаза-2 алтын алу фабрикасын іске қосу да көзделіп отыр. Аталған кәсіпорын алтын рудаларын қайта өңдеуді жылына 1,2 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Сәйкесінше, жылына алтын өндірісі көлемі 13 пайызға артпақ.
Сондай-ақ «Алтыналмас» компаниясы қоршаған ортаны қорғауға да өз үлесін қосуда. Кәсіпорын баламалы қуат көздері арқылы парниктік газдар шығарындыларын азайтып, ауаға бөлінетін көмірқышқыл газының мөлшерін азайтуда. Кәсіпорынға тиесілі Қарағанды облысындағы кен орындарында күн сәулесі арқылы қуат алатын арнайы бағандар орнатылды. Олар бір бірінен жарты шақырым қашықтықта орналасқан. Жалпы аумағы 10,85 шақырымды құрайды.
Ал отандық RG Gold алтын өндіру компаниясы қуаттылығы жылына 5 млн тонна руда өндіруге қауқарлы жаңа тау-кен кешенін ашпақ. Қазіргі таңда құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Кешен биыл күзде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осы ретте айта кетерлігі, кешен құрылысында экологиялық нормаларға басымдық беріліп, халықаралық заңнама талаптары сақталған.
Мамандардың айтуынша, Райгородок кен орнындағы өндіріс қуаттылығының артуы оған жақын елді мекен тұрғындарының әл-ауқатының артуына ықпалын тигізбек. Кәсіпорынға қажетті мамандар мен жұмысшыларды тартуда жергілікті тұрғындарға басымдық берілетін болады. Компания олардың кәсіби біліктілігін жетілдіріп, өндіріс ошағында әрмен қарай жұмыс істеуге қолдау көрсетеді.