Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Елімізде төрт апта бойы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы өзгермеді

7 Қыркүйек 2025, 06:35
887
Бөлісу:
 pixabay
Фото: pixabay

Қазақстанда төрт апта бойы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты сақталды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен инфляцияға қарсы шаралар жөніндегі кеңесте айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің мәліметінше, тамыз айында жылдық инфляция 12,2%-ға жеткен. Ең жоғары өсім Қарағанды (14,4%), Ұлытау (13,6%) және Ақмола (13%) облыстарында, сондай-ақ Астана (12,8%) мен Алматыда (12,7%) тіркелді.

Инфляцияға ең көп әсер еткен секторлар – ақылы қызметтер. Атап айтқанда, коммуналдық қызметтер 2,9%-ға, көлік 1,7%-ға, денсаулық сақтау саласы 0,9%-ға қымбаттаған. Ал кейбір тауарлар, мысалы тоңазытқыштар мен газ плиталары арзандаған.

Азық-түлік инфляциясы биылғы екінші тоқсаннан бері екі есе баяулаған. Тамызда бұл көрсеткіш 0,5% ғана болды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтануы олардың индексін жыл басынан бері алғаш рет 7,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берген.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, бағаның тұрақтауына өндірушілермен жасалған келісімдер және кейбір өнімдердің арзандауы себеп болды. Апта ішінде көкөністер мен күріш арзандап, қант бағасы төмендеген. Ал тұз бен күнбағыс майы бағасының өсуі бәсеңдеген.

Өзгелердің жаңалығы