Үкімет отырысында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов еліміздегі спорт түрлерінің дамуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Харбинде IX Азия ойындары өтеді. Қысқы Азия ойындарының бағдарламасына 6 спорт түрі коньки спорты, биатлон, керлинг, шаңғы спорттары, шайбалы хоккей, ски-альпинизм кіреді. Жалпы бағдарламада 11 спорттық дисциплина қамтылған. Ойындарға Азияның 32 елінен 1000-нан астам спортшы қатысып, 64 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы 6 спорт түрінен, 10 дисциплина бойынша жарысқа қатысады. Команда құрамында 138 спортшы бар. Олар 51 медаль үшін сынға түседі.
2017 жылы Саппорода (Жапония) өткен Азия ойындарына Қазақстаннан 116 адам қатысқан болатын. Қазақстан құрамасы 1996 жылдан бері қысқы Азия ойындарында үздік төрттік қатарында орын алып келеді. 2017 жылы Саппорода Қазақстан 32 медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте 4-орынды иеленді. 2025 жылы Харбинге баратын делегацияның жартысынан астамы Астана, Алматы қалаларынан және Шығыс Қазақстан облысынан шыққан спортшылар. Ойындарға сапалы дайындық үшін ұлттық құрама 137 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Сонымен қатар, спортшылар 86 халықаралық жарысқа қатысты, онда 33 медаль жеңіп алды,-деді Ербол Мырзабосынов.
Азия ойындарына шығарып салу рәсімін 30 қаңтар күні Астана қаласындағы "Қазақстан" жеңіл атлетика спорт кешенінде өткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, министр Ербол Мырзабосынов еліміздегі қысқы спорттың дамыуына тоқталды.
Қазақстанда 13 қысқы олимпиадалық спорт түрі дамуда: конькимен жүгіру спорты, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау,биатлон, керлинг, шаңғы жарыстары, тау шаңғысы, фристайл (могул және акробатика), сноуборд, шаңғы қоссайысы, шайбалы хоккей, ски-альпинизм, шаңғымен секіру.Барлығы 139 123 спортшы қамтылған, 1838 жаттықтырушы қызмет етеді. Солтүстік өңірлерде климаттық жағдайлардың қолайлы болуына байланысты спорттық резерв дайындауға ерекше көңіл бөлінеді,-деді ол.
Оның айтуынша, елімізде 521 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 15 511 спортшы дайындықтан өтіп жатыр. Оларға 747 жаттықтырушы жетекшілік етеді. Елімізде 1 республикалық, 6 облыстық және арнайы олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледждері жұмыс істейді. Бұл мекемелерде 500-ден астам бала оқиды.
Сонымен қатар, 11 олимпиадалық резерв даярлау орталығында 400-ге жуық спортшы жаттығып жүр. 12 жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде 1 000-нан астам спортшы дайындалады. Ұлттық құрамалар қатарына 1265 спортшы кіреді.