Елімізде соңғы үш жылда үш жүзге жуық әскери қызметші қайтыс болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде өткен отырыста мәлімдеді.
Уәкілетті органдардың қабылдап жатқан шараларына қарамастан әскери қызметшілердің қазаға ұшырау жағдайлары жалғасуда. Атап айтқанда, 2020 жылдан бастап 270 әскери қызметші қайтыс болған. Жылдарға бөлетін болсақ, 2020 жылы – 78, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85, 2023 жылы – 11 әскери қызметші көз жұмған, - деп атап өтті Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары.
Сонымен қатар ол өлім-жітімнің себептеріне тоқталды.
Өлім жағдайларының ең көп тараған себептері: ауырып қайтыс болу – 36%, жол-көлік оқиғалары салдарынан – 24%, суицид – 20%. Алайда өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары бүгінгі күні бәрімізді алаңдатып отыр. Суицид профилактикасын талдау нәтижесі әскеріміздің қоғамның бір бөлігі ретінде жағымсыз жағдайларға тәуелді екендігін көрсетті, - деді Мақсат Қазиев.
Айта кетерлігі, Сенатта елдегі әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау мәселелерін талқылауға арналған отырыс өтіп жатыр.