Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр мүдделі мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктері өкілдерінің қатысуымен мал азығын дайындау мәселелері бойынша шұғыл кеңес өткізді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысы бойынша Үкімет шөп шабу науқанына арзандатылған жанар-жағармай материалдарының қосымша көлемін бөлуге облыс әкімдіктерінің өтінімдерін мақұлдау туралы шешім қабылдады. Осы аптада өңірлерге ЖЖМ жеткізу кестесін бекіту жоспарлануда. Облыс әкімдіктеріне фермерлерге 43,6 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай жеткізуді бақылау тапсырылды, - делінген хабарламада.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 2021 жылдың 31 шілдесіне дейін шөп тасымалдау үшін республиканың барлық аумағында уақытша жеңілдіктер ұсынды. Тасымалдау құны 77%-ға төмендетілді. Бұл шара батыс өңірлерге қосымша мал азығын жылдам жеткізуге мүмкіндік береді.
Жиын барысында мал және құс шаруашылықтары үшін жем-шөп қорын қалыптастыру мақсатында жемдік астықты қосымша сатып алу туралы ұсыныс қаралды. Қазір қаржыландыру көздері туралы мәселе зерттелуде.
Шағын және орта фермерлік шаруашылықтарда жем-шөп өндірісін ынталандыру мақсатында фермерлерге жем-шөп дайындау техникасы мен суарудың ұтқыр жүйелерін сатып алу үшін «Бәйтерек» холдингіне қосымша қаржыландырудың тетіктерін әзірлеу тапсырылды.
Өңірлердің әкімдіктеріне мал азығы бағасының қолжетімді болуын тұрақты бақылау және ауыл шаруашылығы өндірушілерімен және құрама жем кәсіпорындарымен жемді қолжетімді бағамен сату туралы меморандум жасасу тапсырылды.