Елімізде шахматпен айналысатын оқушылар саны артады

24 Сәуір 2023, 13:52
1217
Бөлісу:
Елімізде шахматпен айналысатын оқушылар саны артады
Фото: mosigra.ru

Қазақстанда шахматты білім беру бағдарламаларына факультативтік пән ретінде енгізу жобасын іске асыру жөніндегі жол картасы әзірленіп, іске асырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қазақстан шахмат федерациясының (ҚШФ) басшылары мен Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) сарапшыларының сөзінен мәлім болды.

Жол картасы қазақстандық және халықаралық тәжірибені ескере отырып, «FIDE - Chess in Education» комиссиясының ұсыныстарының негізінде әзірленген. Соңғы 7 жылда ҚШФ «Мектептегі шахмат» пилоттық жобасын іске асырып келеді. Оған 600-ден астам мектеп пен 1000 мұғалім қатысты.

Жаңартылған жоспар бойынша шахматпен айналысатын оқушыларды қамтуды арттыру көзделген. Мысалы, бірінші кезеңде 1-4 сынып оқушыларының 20%-ына дейінгі бөлігі өз мектептерінде шахматпен шұғылдана алады. Кем дегенде 500 педагогті шахмат бағдарламалары бойынша кәсіби қайта даярлаудан өткізу жоспарланып отыр. Кейіннен мектеп жасына дейінгі балаларды да, сондай-ақ жоғары сынып оқушылары мен студенттерді де, тіпті жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласын шахмат сабағымен қамтуды кеңейту жоспарда бар.

Білім беру жобасының IT-платформасы Chess Legends қолданбасы болуы мүмкін. Оны қазақстандық әзірлеушілер бірнеше танымал шахматшының, соның ішінде 14-ші әлем чемпионы Владимир Крамник пен 4 дүркін әлем чемпионы, FIDE әлемдік әйелдер рейтингінің көшбасшысы Хоу Ифаньнің (Қытай) бастамасымен және басшылығымен жасап шығарды. Үйрету әдістемесін FIDE бас жаттықтырушысы, Қазақстан, Үндістан және Испания құрамаларының бұрынғы бас бапкері Евгений Владимировтың командасы әзірледі.

Шахматты мектеп бағдарламасына енгізу идеясы көптен бері талқыланып келеді. Жекеменшік мектептер мемлекеттік стандарттардың шыққанын күтпей-ақ, бұл тәжірибені қазірдің өзінде қалай қолданып жатқанын көріп отырмыз. Біз Мемлекет басшысына шахматты білім беру бағдарламасына енгізу керектігін айтып, оның тарапынан толық саяси қолдауға ие болдық, - деді ҚШФ бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов.

Өзгелердің жаңалығы