Су ресурстары және ирригация министрлігі көршілес елдердің су ресурстарына тәуелділікті 25%-ға азайту үшін жоспарланған жаңа 20 су қоймасының 9-ының құрылысы бойынша жұмысты бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәлімдеуінше, жаңа су қоймаларын қолданысқа беру тәуелділікті төмендетіп қана қоймай, суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға дейін ұлғайтуға және 137 мыңнан астам тұрғыны бар 70 ауылдық елдімекенді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта 9 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, жаңа су қоймаларын салуға инвесторларды тарту бойынша да белсенді келіссөздер жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеген болатын. Құжат су қоймаларын салу және реконструкциялау, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді және топтық су құбырларын реконструкциялау жөніндегі іс-шараларды қамтиды.
Кешенді жоспар бірнеше кезеңде іске асырылатын болады. Мәселен, 2024-2026 жылдары 11 облыс аумағында 2,4 текше шақырым су жинауға болатын 20 жаңа су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Кешенді жоспарды іске асыру қолда бар су ресурстарының көлемін 3,7 текше шақырымға арттыруға, суармалы жерлердің ауданын 2,2 млн гектарға дейін кеңейтуге, суармалы судың жыл сайынғы шығынын азайтуға және оның жалпы көлемін 3 текше шақырымға дейін арттыруға, сондай-ақ 55 мыңнан астам халқы бар 41 елдімекенді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл елдімекендердің 35-і Солтүстік Қазақстан облысында, 3–і Ақмола облысында, 3–і Қызылорда облысында орналасқан, - деді ҚР су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.