Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайынғы мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің арасында өтетін «Рухани қазына – 2022» республикалық фестивалі басталды.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – мәдениет және өнер саласы ұйымдарының шығармашылық жетістіктерін анықтау. Талантты, өзіндік ерекшелігі бар шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларды қолдау. Ұлттық және әлемдік мәдениет пен өнердің ең жақсы дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғырту, дамыту, насихаттау және қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттыру, өңірлердің мәдени мұрасын таныстыру, қызметкерлердің тәжірибе алмасуына жағдай жасау.
Фестиваль екі кезеңнен тұрады:
- Бірінші кезең (өңірлік) 2022 жылғы 10-30 сәуір аралығында өтеді. Жеңімпаздар республикалық кезеңге жолдама алады.
- Екінші кезең (республикалық) 2022 жылғы 16-21 мамыр аралығында өтеді.
2022 жылғы 16 мамырда өңірлік деңгейдегі конкурс жеңімпаздары арасында «Рухани қазына – 2022» республикалық фестивальдің ресми ашылуы болса, конкурстың қазылар алқа мүшелерінің отырысы 2022 жылғы 16-18 мамыр аралығында өтеді.
2022 жылғы 21 мамырда фестивальдің жабылуы – конкурс жеңімпаздарын марапаттау және гала-концерт.
Айта кетейік, биылғы фестивальдің ерекшелігі бұл конкурсқа мемлекеттік мекемелер мен қатар жеке меншік мәдениет ұйымдары да қатыса алады.
Фестивальды өткізу орны «Қазақ әуендері» АҚ» телеграм каналында дауыс беру жолымен анықталады. Дауыс беру мерзімі 2022 жылғы 30 сәуірге дейін жалғасады. Дауыс беру нәтижесінде лайық деп танылған өңірге «Рухани өлке – 2022» статусы беріледі.
Конкурс жеңімпаздарына салтанатты түрде диплом, арнайы статуэтка және ақшалай сыйақы табысталады.