Елімізде қоғамдық кеңес қызметі туралы ұлттық доклад дайындалады

24 Наурыз 2022, 16:30
2630
Бөлісу:
Елімізде қоғамдық кеңес қызметі туралы ұлттық доклад дайындалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров мәлім етті.

Ол елімізде қоғамдық кеңестердің қызметі туралы ұлттық доклад әзірленетінін айтты.

Алда бізді ауқымды істер күтіп тұр. Президент, Парламент, саяси партиялар, сот және құқық қорғау органдарының негізгі құзыреті қайта қаралады. Бізді суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты президенттік республикаға өту кезеңі күтіп тұр. Біздің министрлікке келсек, қоғамдық кеңестің құрамын жаңартып, министрліктің қызметін жетілдіре түсу жұмысы жалғасады. Қазіргі таңда елімізде 102 кеңес құрылды. Одан бөлек, тағы 111 кеңес құру қаралып жатыр. Жаңа кеңестерді құруда үкіметтік емес ұйым, партия және азаматтық институттардың өкілдері кеңінен тартылуда. Биыл алғаш рет Қазақстанда қоғамдық кеңес қызметі туралы ұлттық доклад әзірленеді, - деді Данияр Қадыров.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, қоғамдық кеңестердің жұмысына талдау жасалып, оның болашақ дамуы сарапқа салынбақ.

Үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын жоспарлауды мемлекеттік тапсырыс жүйесі арқылы жүзеге асыру қаралады. Келесі мәселелерді шешуде құзырлы органдармен бірге қоғам белсенділері тартылады. Әр шешім бойынша тиянақты талдау жасалады. Одан бөлек, Парламент қабырғасында қоғамдық бақылау туралы заңнама талқыланып жатыр. Ол заң мемлекет пен азаматтар арасында жаңа принципті қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі.

Еске салайық, қазір қазақстандық қоғамдық даму институты жанындағы «Sarap» сапартық клубы алаңында «Жаңа Қазақстан» үшін саяси реформалардың жаңа бағдарламасы» атты дөңгелек үстел өтіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы