Елімізде Президенттік Академия түлектерінің альянсы құрылды

20 Маусым 2024, 19:56
246
Бөлісу:
Елімізде Президенттік Академия түлектерінің альянсы құрылды
Фото: Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметі

Бүгін ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектеріне салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті. Сондай-ақ Президенттік Академия түлектерінің альянсы құрылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Академия баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023-2024 оқу жылында докторантура және магистратура білім бағдарламалары бойынша 124 түлек дипломын сәтті қорғады. 30 жылда Академия 2814 магистр, 122 докторантты даярлап шығарды. Салтанатты шараның ашылуында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай түлектерге сәттілік тіледі.

Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет саласында Әділетті Қазақстан қағидаттарына сай келетін жүйелі реформалар жүзеге асырылуда. Ашықтық, әділдік және меритократия қағидаттары негізінде мемлекеттік қызметке қабілетті әрі білікті азаматтарды, дарынды жастарды тартуға кеңінен жол ашылуда. Мемлекеттік басқару академиясын үздік аяқтаған түлектердің өңірлік деңгейде конкурссыз негізде басшылық лауазымдарға тағайындала алу мүмкіндігі де осының дәлелі. Академиядан түлеп ұшқан магистранттар мен докторанттар мемлекеттік қызметшілер буынының нағыз көшбасшылары болуға тиіс. Алған кәсіби құзыреттіліктеріңіз мемлекетіміздің кешенді стратегиялық міндеттерін шешуде, басқарудың сервистік моделіне көшуде шешуші рөл атқарады деп сенемін, – деді МҚІА төрағасы.

Елімізде Президенттік Академия түлектерінің альянсы құрылды

Дәстүр бойынша Академия ректоры Ерлан Әбіл де түлектерді құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Біздің түлектер – «Адал азамат» ұғымының құндылықтарын бойына сіңіре отырып, болашаққа бағдарланған мемлекеттік басқару жүйесінің бәсекеге қабілетті адами капиталына айналуы тиіс. Бұл ретте, өзгермелі заман талаптарына сәйкес білімді, кәсіби құзыреттілігі жоғары мамандарды даярлау мақсатында Академия өз тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізуде. Академия қабырғасында алған білімдеріңізбен еліміздің өркендеп-дамуына елеулі үлес қосып, мемлекеттік басқару саласының білікті маманы болатындарыңызға, Академия түлегі мәртебесін биік ұстайтындарыңызға сеніміміз мол, – деді Ерлан Қуанышұлы.

Сонымен қатар ректор шара барысында «Президенттік Академия түлектерінің альянсы» қоғамдық бірлестігі құрылғаны туралы мәлімдеді. Жаңадан құрылған Альянстың Президенті болып Мемлекеттік басқару академиясының түлегі, Елордалық кәсіпкерлер палатасының басшысы Қанат Алин тағайындалды.

Альянсты құрудағы мақсатымыз — Академияның әр жылдардағы түлектерінің корпоративтік рухын нығайту және барлығын біріктіру. Әрқайсымыздың жеке және кәсіби өсуімізге ықпал ететін мықты ұйым құра аламыз деген сенімдемін. Әрбір түлек альянстың және жалпы қоғам өміріне белсенді қатысуы үшін жағдай жасаймыз. Академия түлектері өз білімдерімен, идеяларымен және тәжірибелерімен бөлісе алатын платформалар мен іс-шараларды ұйымдастырамыз. Әрқайсысыңызды жетістікке толы болашақты бірге құруға, Президенттік Академия түлектері альянсының мүшесі болуға шақырамын, – деді Қанат Төлеубекұлы.

Елімізде Президенттік Академия түлектерінің альянсы құрылды

Академияда Адами ресурстарды басқару мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған Айнагүл Қақиева Атырауға оралып, мемлекеттік қызметтегі еңбегін жалғастырмақ.

Бүгін біз үшін қуанышты күн. Магистрлік жобаны сәтті қорғап, диплом алып жатырмыз. Академияға білім алушыларға берген зор мүмкіндігі үшін алғыс айтамыз. Біз мұнда білім алып қана қоймай, кәсіби біліктілігімізді арттырдық, сонымен қатар шетелдік тағылымдамаға баруға мүмкіндік алдық. Мемлекеттік басқару академиясының 30 жылдық мерейтойы құтты болсын, – деді түлек.

Салтанатты шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбай, Түркия Президенті жанындағы Адам ресурстары офисінің президенті Доктор Салим Атай және Адам ресурстары офисі бөлімінің басшысы Саваш Джейлан, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет бөлімінің меңгерушісі Руслан Тұрғаналы, Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, ҚР Қаржы министрлігінің аппарат басшысы Ерғали Егемберді, Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының мемлекеттік мекемелер үшін гендерлік теңдікке қол жеткізу бойынша сертификаттау бағдарламасының жаһандық менеджері Ана Ланда Угарте, Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, Әзірбайжан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Урхан Казым оглу Алекперов, Фудань университетінің профессоры (Қытай) Zhang Ping қатысты.

Атап өтейік, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 2024-2025 оқу жылына магистратураға және докторантураға оқуға құжат қабылдау осы жылдың 26 маусымына дейін жүргізіледі. Жаңа оқу жылына мемлекеттен 132 грант (магистратураға – 120, докторантураға – 12) бөлінді.

Өзгелердің жаңалығы