25 қаңтарда заманауи спутниктік технологиялар арқылы пойыздарда ғаламторға қолжетімділікті қамтамасыз ететін пилоттық жоба іске қосылады. Бұл қызмет ең алдымен жолаушылар арасында танымал бағыттардың бірі №3/4 "Астана-Алматы" пойызында жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, пилоттық жоба аясында заманауи спутниктік технологияларды пайдаланып, пойыздарға ғаламтор қосу мүмкіндігі жоспарлануда.
Бұл жолаушыларға сапар барысында WhatsApp, YouTube секілді қосымшаларды еркін пайдалануға және бейнемазмұндарды көруге мүмкіндік береді. Алайда, торренттер мен файлдарды жүктеу сайттарына шектеу қойылатын болады, - делінген хабарламада.
Ғаламтор қызметімен қатар, жоба аясында жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту және пойыз бригадасының жұмысын оңтайландыру үшін бірқатар заманауи технологияларды сынақтан өткізу көзделіп отыр. Олардың ішінде:
- Билеттерді жылдам және ыңғайлы тексеруге арналған жолсеріктердің мобильді құрылғылары;
- Вагон-мейрамханаларда қолма-қол ақшасыз төлем жасауға мүмкіндік беретін POS-терминалдар;
- Қауіпсіздік деңгейін арттыру және қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету үшін пойыз басшыларына арналған бейнетіркеуіштер;
- Вагондардағы жағдайды бақылауды күшейту үшін орнатылатын бейнебақылау жүйелері.
Бұл пилоттық жоба Қазақстанның өзге бағыттарында ғаламтор қызметін дамытуға ықпал етеді.