Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мәжіліс депутаттарының халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакциналауға қатысты жолдаған депутаттық сауалдарына жауап берді.
Министр атап өткендей, бүгінгі күні республика бойынша коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялауды және ревакцинациялауды ұйымдастыру және жүргізу бойынша жұмыс жалғасып келеді.
Бүгінгі күнгі жағдай бойынша республика бойынша бірінші компонентті 9,2 млн адам алды, ол қамтылуы тиіс контингенттің 81%-ын және барлық халықтың 52%-ын құрады, екінші компонентті 8,8 млн адам салдырды, қамтылу тиісті контингенттің 77%-ын және барлық халықтың 48%-ын құрады.
КВИ-ға қарсы ауыр аурулардың жоғары қаупі бар 12 жастан асқан жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді ерікті негізде вакцинациялау жалғасуда. Pfizer компаниясының «Комирнати» вакцинасын қолдану арқылы 710 мың адам, оның ішінде 12-17 жастағы 586 мың жасөспірім, 28 мың жүкті әйел, 91 мың бала емізетін әйел вакцинацияланды, - деп айтты Ажар Ғиният.
Сонымен қатар 2021 жылғы 22 қарашадан бастап КВИ-ға қарсы ревакцинацияға жататын тәуекел топтарының арасында елде КВИ-ға қарсы ревакцинация жүргізу басталды. Ревакцинацияланған адамдардың жалпы саны – 1,9 млн адам.
Бүгінгі күні «fizer компаниясының «Комирнати» КВИ-ге қарсы вакцинасы Қазақстан аумағында қолданылатын басқа вакциналар ресми ұсынылмаған халық топтары үшін қолжетімді. Өздеріңіз білесіздер, бұл топтарға 12 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер, жүкті әйелдер және лактация кезеңіндегі әйелдер жатады. Қазіргі уақытта осы вакцинаны салдыруы мүмкін контингенттерді кеңейту бойынша шаралар қабылданып жатыр, - деп жауап берді Денсаулық сақтау министрі.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен мына тұлғаларды КВИ-ға қарсы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен мақұлданған вакциналарымен вакцинациялау және қайта толық вакцинациялау басталды:
1) Қазақстан Республикасының мүдделерін халықаралық деңгейде білдіру мақсатында шетелге шығатын адамдарға;
2) «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлеріне және үкіметаралық келісімдер/шарттар, оның ішінде академиялық ұтқырлық шеңберінде шетелге оқуға жіберілетін адамдарға және олардың отбасы мүшелерін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұсынған тізім бойынша растайтын құжаттарды (студенттік виза, оқу орнынан шақыру) ұсынған кезде;
3) шетелдік оқу орындарына өз бетінше түскен және үкіметаралық келісімдер немесе академиялық ұтқырлық шеңберінде оқитын студенттерді және «Work and travel» бағдарламасы бойынша кетуді жоспарлаған студенттерді және олардың отбасы мүшелерін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұсынған тізім бойынша растайтын құжаттарды (студенттік виза, оқу орнынан шақыру) ұсынған кезде;
4) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде емдеу қажеттілігін растайтын құжаттарды ұсынған кезде шетелде емдеуге жіберілетін пациенттерді, сондай-ақ оларды емдеу үшін алып жүретін адамдарды.
Сондай-ақ қазіргі уақытта халықтың басқа да осал топтары үшін Pfizer компаниясының «Комирнати» вакцинасының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бір млн доза көлемінде Pfizer компаниясының «Комирнати» вакцинасын жеткізу мәселесі пысықталып жатыр.