Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін өткен Сенат отырысында республикада өлім жазасы толығымен жойылатын заң қабылданды.
Бұл құжат Қазақстанда өлім жазасын қолдану саласын кезең-кезеңімен қысқарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың заңды жалғасы болып табылады.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жуырда өткен отырысында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы өлім жазасын ешқандай дау-дамайсыз жою керек екенін атап өткені белгілі.
Осы заңды қабылдай отырып, Қазақстан өлім жазасына заң жүзінде тыйым салынған елдер тобына қосылды. Сондай-ақ еліміз өлім жазасын толығымен жоюға бағытталған халықаралық қозғалысты қолдайтынын заң жүзінде дәлелдеп отыр, - деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Сенаторлардың бұл заңды қабылдауы – Президенттің нақты тапсырмасын орындау нәтижесі әрі депутаттардың жұртшылық сауалына жауабы болып табылады.
2003 жылдан бастап Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланған болатын. Келесі 18 жыл ішінде өлім жазасы түріндегі жаза қолданылуы мүмкін қылмыстар үшін баптардың тізімі кезең-кезеңімен қысқартылып отырды. Бұл шара Қылмыстық кодекстің соңғы мәтінінде қылмыстың 17 түрі бойынша көзделген еді.