Елімізде МИКС халықаралық зерттеуі өтеді

27 Тамыз 2024, 17:45
432
Бөлісу:
Елімізде МИКС халықаралық зерттеуі өтеді
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шауенова мен БҰҰ балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстан Республикасындағы өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мультииндикаторлық кластерлік зерттеу (МИКС) Қазақстанда 2024 жылғы 2 қыркүйекте басталады.

 ЮНИСЕФ әзірлеген Халықаралық зерттеу бүкіл ел бойынша 24 мың үй шаруашылығын қамтиды.

МИКС зерттеуі Қазақстанда төртінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейін ол 2006, 2010 және 2015 жылдары жүргізілген. МИКС 2024-тің негізгі мақсаты – әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатын бағалау және бақылау, сондай-ақ олардың дамуының негізгі көрсеткіштері туралы сенімді ақпарат алу. Бұл олардың әл-ауқатын тиімді бақылауға және ұлттық саясатты жетілдіруге мүмкіндік береді. Зерттеу аясында денсаулық сақтау, тамақтану, білім беру, санитария, балаларды ерте жастан дамыту және басқа аспектілерді қоса алғандағы сұрақтар қойылады.

Сауалнама Қазақстанның 20 аймағын қамтиды. Сауалнама 2 қыркүйек пен 29 қараша аралығында еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 24 мың үй шаруашылығында жүргізіледі. Әр сауал тұрмыс пен денсаулықтың әртүрлі аспектілерін қамтиды, соның ішінде білім беру, санитарлық жағдай және басқа да маңызды көрсеткіштер бар. Барлық сауалнама тиісті мемлекеттік органдармен бекітілген. Интервьюер барған үй шаруашылықтары осы сауалнамаға түсіністік білдіреді деген үміттеміз. Зерттеуге қатысу Қазақстан халқының тұрмыс жағдайы мен денсаулығын жақсартуға көмектесетін маңызды мәліметтерді жинауға көмектеседі, – деп атап өтті Қазақстан Республикасы СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шауенова.

Әйелдер мен ерлерге арналған сауалнамада, атап айтқанда, жұмысқа орналасу және білім алу, сондай-ақ неке және психика саулығы туралы сұрақтар бар. Сонымен қатар әйелдерге арналған сауалнамада босануға және босанғаннан кейінгі күтімге қатысты сұрақтар бар. Бес жасқа дейінгі балаларға арналған сауалнама өз кезегінде ерте даму және баланың тәртібі туралы сұрақтарды қамтиды. 5-17 жас аралығындағы балаларға арналған сауалнамада бала еңбегіне, дағдыларды ерте дамыту және басқа да маңызды аспектілерге қатысты сұрақтар бар.

МИКС 2015 жылы өтті, содан бері Қазақстанда өмірдің барлық салалары бойынша елеулі өзгерістер болды. Олар елдегі балалар мен әйелдердің жағдайына тікелей әсер етті.МИКС осы өзгерістерді қадағалауға, прогресті бағалауға және қосымша өзгерістер қажет аймақтарды анықтауға мүмкіндік береді. Уақытылы және тиімді шаралар қабылдау үшін сенімді статистикалық ақпарат қажет. Алынатын нәтижелер Үкімет пен азаматтық қоғамға балалар мен әйелдердің қажеттіліктері мен мүдделеріне сәйкес әлеуметтік бағдарламаларды жоспарлауға және бақылауға көмектесетініне сенімдімін. Серіктесіміз Ұлттық статистика бюросының бұл бастаманы қолдағанына өте қуаныштымыз, – деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі, доктор Рашед Мұстафа Сарвар.

Сауалнамаға қатысу ерікті түрде жүреді. Алынған ақпарат тек статистикалық мақсаттар үшін пайдаланылады. Сұхбат алушылар Бюро, ЮНИСЕФ, АДБ және ЮНФПА логотиптері бар ерекше форма киіп, бейдж тағады.

Сауалнама ЮНИСЕФ, БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры (ЮНФПА) және Азия даму банкі қолдауымен жүргізіледі. 1996 жылы іске қосылғаннан бері 118 елде 355 МИКС зерттеуі өтті. Ағымдағы 7-ші раунд Қазақстанды қосқанда 27 мемлекетте болады.

Өзгелердің жаңалығы