Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Күзгі әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта Қарулы Күштердің әскери бөлімдері жасақталуда. Әскерде борышын өтеуге ниетті бозбалалар қатары да көбейіп келеді. Бұл – биылғы беталыс.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.Оған мысал – Тараздан әскер қатарына шақырылған Рамазан Кавазов. Жас жігіт жазда Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебіне түсіп, әскери қызметке дайындала бастады. Жүргізуші мамандығын игерген ол тегін оқыды.
Мен бала кезімнен әскери қызметші болғым келді, сондықтан әскери комиссариатқа өзім бардым, - дейді Рамазан.
Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Каменка ауылының тұрғыны Антон Новичихин барлық азамат әскери борышын өтеуі тиіс деген пікірде.
Біздің отбасымызда барлық ер азамат әскерде болды. Әкем де, ағам да. Мен де олардан қалғым келмейді. Менің қызметім қызықты өтеді деп үміттенемін. Жаңа достар табамын, көп нәрсені үйренемін, әскери істі меңгеремін, – дейді ол.
Күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде Жамбыл облысынан әскерге шақыру жасындағы 1300-ден астам бозбала Қарулы Күштерге, басқа да әскери құралымдарға аттанады.
Елдегі күзгі әскерге шақыру науқаны жылдың соңына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде 18-27 жас аралығындағы 17 мыңнан астам қазақстандықты мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланып отыр.