Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда сот сараптамасы нарығында бәсекеге қабілеттілікті дамыту үшін жеке ұйымдар құру жоспарланып отыр, ал сот сарапшыларын аттестаттау сертификаттауға ауыстырылады.
Мұндай норма бүгін Мәжілістің жалпы отырысында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қарастырылған.
Заң жобасы практикадағы проблемаларды шешуге, олқылықтарды жоюға, сот сараптамасы саласындағы құқықтық реттеу тәртібін шешуге бағытталған. Осы мақсатта сот-сараптама қызметінде жаңа субъект – «мемлекеттік емес сот-сараптама ұйымы» құрылады. Бұл жеке сот сарапшыларының жұмысын одан әрі дамытуға және институционалды күшейтуге негіз болады, - деді Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.
Оның айтуынша, бұл жеке сот сарапшыларының сот-сараптама қызметі үшін материалдық-техникалық, зертханалық және ғылыми база құру бойынша бар ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде аталған ұйым сот сараптамасы мемлекеттік аппаратының жүктемесін жеңілдетіп, сараптама жүргізу мерзімін айтарлықтай қысқартады.
Сонымен қатар, заң жобасында сот сарапшыларының аттестаттау процедурасын сертификаттау рәсімімен ауыстыру қарастырылған.
Сертификаттау сот сарапшыларының кәсіби, оның ішінде халықаралық стандарттарға сәйкестігін неғұрлым тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сот-сараптамалық зерттеулер жүргізу сапасының жоғарғы деңгейін қамтамсыз етеді,- деді депутат.
Заң жобасын жасаушылар Әділет министрлігі мен Сот сарапшылары палатасының кейбір құзыреттерін де түсіндірді. Мұның нәтижесінде сот-сараптама қызметтері нарығында бәсекелестікті қалыптастыру міндеті мен мемлекеттік бақылау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Сонымен бірге, сот-сараптама қызметтерінің реттелмеген нарығын құру және бұл қызметті бақылаусыз коммерцияландыру қаупін болдырмайды.