Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке қосалқы шаруашылықтардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын таныстырды.
Министрдің сөзінше, бүгінгде елімізде шамамен 1,6 млн жеке қосалқы шаруашылық бар, олармен 2020 жылдың қорытындысы бойынша 2,6 трлн тенгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Ол барлық өнімнің 41,5%-ын құрады.
Қызметтің бұл түрі жеке заңнамалық актімен реттелмеген, олардың мәртебесі анықталмаған. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылық жұмысы заңнамалық тұрғыда негізделмеген. Бұдан басқа, ішкі азық-түлік нарығы қажеттілігінің басым үлесін қанағаттандыра отырып, жеке қосалқы шаруашылықтар мемлекеттік қолдау шараларынан шектеліп отыр. Жайылымдық және шабындық жерлердің тапшылығы, азық-түліктің экономикалық қолжетімсіздігі, өсірілген өнімді әділ бағамен сату, материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету сияқты проблемалық мәселелер шешілмеген күйінде қалып отыр, - деп айтты Қарашөкеев.
Сонымен қатар министрдің айтуынша, малдың жартысына жуығы жеке қосалқы шаруашылығында екенін ұмытпауымыз керек. Шын мәнінде, бұл үлкен биологиялық актив натуралдық шаруашылық деңгейінде жұмыс істейді және ешқандай технологиялық процестермен қамтылмаған. Дегенмен бұл жерде өндірістің тиімділігін арттыруға және ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру үшін қосымша табыс алуға мүмкіндік беретін үлкен әлеует бар.
Айтуынша, осы мәселелерді ескере отырып және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасы әзірленді.