Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде ұлттық халық санағы кейінге шегерілді, деп хабарлайды ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің баспасөз қызметінен.
Бұған дейін «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы №419 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының ұлттық халық санағын өткізу 2020 жылғы 1-30 қазан аралығына жоспарланған.
Елімізде коронавирустық инфекцияның таралуы мен енгізілген карантиндік шектеу шаралары бойынша қалыптасқан жағдайға байланысты Ұлттық халық санағын 2021 жылғы қазанға ауыстыру туралы шешім қабылданды, - делінген баспасөз хабарламасында.
Дегенмен, Ұлттық халық санағын өткізу әдістері еш өзгеріссіз қалады.
1-15 қазан аралығында мамандандырылған sanaq.gov.kz сайтында интернет-сауалнама жүргізіледі, 1-30 қазан аралығында мәліметтерді жинау үшін интервьюерлер жауаптарды планшеттерде тіркеп, халыққа жаппай сауалнама жүргізеді.
Айта кетейік, бұған дейін ҰЭМ министрі Руслан Дәленов пандемияға байланысты халық санағы кейінге шегерілуі мүмкін екендігін айтқан.
Халық санағы 1-30 қазан аралығында өтеді деп жоспарланған. Санақ жүргізу персоналдың халықпен тікелей байланысын, түрлі үй шаруашылықтарына баруын қамтиды. Коронавирус инфекциясының жаппай таралмауы үшін Ұлттық экономика министрлігі биыл өтетін халық санағын келесі жылға ауыстыру туралы Үкіметке ұсыныс айтты. Басты себеп - санаққа қатысушылар мен санақты жинайтын персоналдың амандығы. Біз тиісті шешімді күтіп отырмыз, - деген министр баспасөз мәслихатында.