Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов айтты.
Соңғы екі аптада республикадағы эпидемиологиялық матрицаға сәйкес, Қазақстан «жасыл» аймақта тұр. Бүгінде «қызыл» аймақта ешбір өңір жоқ. «Сары» аймақта – БҚО, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Қалған 11 аймақ «жасыл» аймақта, - деді ол.
Оның айтуынша, 24 ақпандағы жағдай бойынша елімізде КВИ+ нәтижесімен ауырған 198 86 науқас және КВИ- нәтижесімен 48 388 жағдай тіркелді. Соңғы екі аптада КВИ-мен ауырғандардың деңгейі екі есеге төмендеді.
Коронавирустың инфекцияға қарсы вакцинациялау әлі де жалғасуда. Бүгінде бірінші компонентпен 20 157 адам егілді. 22 ақпаннан екінші компонентпен екпе салу басталды. Оның аясында 2 137 адамға екпе салынды. Екпе алғандар арасында вакцинадан кейін жағымсыз әсер байқалған жоқ. 23 ақпанда Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндірілген вакцинаның 93 мың доза болатын екінші партиясын жеткізу жұмыстары басталды. Бұл вакцинамен медицина қызметкерлерін вакцинациялауды аяқтап, педагогтерге екпе салу жоспарланып отыр, - деді ол.
Бас санитардың айтуынша, вакцинация елдің барлық өңірінде жүргізіліп жатыр. Бас-аяғы 786 екпе салу пункті орнатылған. Қазір оның 170-і қолданыста. Барлық пункт тиісті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Тоғыз мыңнан астам медицина қызметкері оқытылған.