Елімізде әлеуметтік осал топтан шыққан балалар колледжде тегін оқи алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова айтты.
Басым бағыттардың бірі – әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан балаларды тегін білім берумен қамту. Бүгінгі күні колледждерде осы санаттағы балалар 9 бағыт бойынша қамтылған. Бұл бірінші кезекте жасалатын жұмыстардың бірі, - деп түсіндірді Шолпан Каринова.
Сөзінше, биыл берілген мемлекеттік тапсырыстың 60%-ға жуығы осы санаттағы балаларды қамтып отыр.
Тегін біліммен қамтылатын әлеуметтік санатқа кімдер жатады:
1) бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар арасынан шыққан азаматтар үшін – 1 пайыз;
2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер үшін – 0,5 пайыз;
3) ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін – 35 пайыз;
4) қандастар үшін – 4 пайыз;
5) жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін - 1 пайыз;
6) қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан ҚР азаматтары үшін – 5 пайыз;
7) кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 5 пайыз;
8) кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар үшін – 1 пайыз;
9) бала кезінен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 1 пайыз.
Бұған дейін 2023 жылы тағы 50 мың бала кәсіптік және техникалық білімді тегін ала алатынын жазған болатынбыз.