Елімізде қоқысты қайта өңдеу мәселелері қалай реттеледі?

21 Желтоқсан 2020, 11:36
4720
Бөлісу:
Елімізде қоқысты қайта өңдеу мәселелері қалай реттеледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Сенатының депутаты Айгүл Қаппарова Сенаттың кезекті отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке қоқысты қайта өңдеуге қатысты сауал жолдады.

Қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі – медициналық қалдықтарды утилизациялау. Елімізде медициналық қалдықтарды кәдеге жарату мәселелері қалай реттеледі? Жаңа экологиялық кодекстің жобасында қандай да бір шаралар қарастырылған ба? – деп депутат сұрақ қойды.

Министр келесі жылы аукцион өткізуді жоспарлап отырғандарын айтты. Оған 6 пилоттық қаланы таңдаған. Оның ішінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Тараз, Ақтөбе және Атырау қалалары бар. 

Қазіргі күні еліміздегі үлкен проблема – ол қоқысты қайта өңдеу деңгейі. Жылына 5 млн тонна қоқыс жиналады. Қазір оның тек 15 процентін ғана қайта өңдейміз. 6 пилоттық жоба іске асырылған соң қайта өңдеудің деңгейін 30%-ке дейін жеткізу жоспарда бар. Инвесторларға инвестиция тартымды болуы үшін арнайы механизм құрылды. Ол механизмге сәйкес қоқыс өртенеді. Өртенген кезде пайда болатын энергия кепілді түрде сатылатын болады. Оның тарифы аукционда белгіленеді. Сондықтан осындай тетік арқылы жекеменшік инвесторларды тартамыз деген жоспарымыз бар, - деп жауап берді ол.

Сондай-ақ, Экология министрі осы жылы медициналық қалдықтар мәселесі аса өзекті болып отырғанын жеткізді. 

Негізі бұл үдеріс Денсаулық сақтау министрлігі құзырына жатады. Дегенмен қоқыс өндірілмеген жағдайда әкімшілік кодекстің  нормаларына сәйкес әкімшілік айыппұлдар 10 есе өседі. Сондай-ақ, қалдықтар қалыптасатын жерлер (емхана, клиника) қоқыстарға, қалдықтарға жауапты болады. Сол қалдықтарды қайта өңдейтін мекемелер лицензиялау процесінен өтуі керек, - деді Мырзағалиев Сенат отырысында.

Өзгелердің жаңалығы