Елімізде көгілдір отынның тапшылығы бар – Премьер-министр

16 Шілде 2024, 11:18
367
Бөлісу:
Елімізде көгілдір отынның тапшылығы бар – Премьер-министр
Фото: pixabay.com

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов бірнеше мәселеге назар аудару қажеттігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Газ өндіру мен өңдеу көлемінің ұлғаюына қарамастан біздің елімізде көгілдір отынның тапшылығы бар. Қашағанда және Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарын салу ұзаққа созылып кетті. Жаңа кен орындарын дамыту және геологиялық барлауға инвестициялар тарту да баяу жүріп жатыр, - деді ол.

Бектенов Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz» компаниясына газ өңдеу зауыттарын салу және жаңа газ кен орындарын игеру бойынша нақты жол карталарын әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында халықты газбен қамтамасыз ету және газ құбырларын жаңғырту жөнінде тапсырма берді. Осы мақсатқа «Самұрық-Қазына» қоры 105 млрд теңге бөліп отыр. Энергетика министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бөлінетін қаражаттың уақтылы игерілуін қамтамасыз етуді және жылдың соңына дейін желілер салу бойынша барлық қажетті жұмыстарды аяқтауды тапсырды.

Газбен жүретін автомобиль санының жыл сайын өсіп келе жатқанын ескере отырып, газ-баллонды жабдықты орнату кезінде заңнаманы бұзу фактілерінің саны да артып келеді. Мұндай жағдайлар азаматтардың өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан Ішкі істер және Энергетика министрліктеріне көлікті қайта жабдықтау және техпаспортта тиісті белгінің болмауына байланысты кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын, - деп айтты Премьер-министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне баламалы отын болып табылатын сығымдалған газ өндірісін ынталандыру жөніндегі жұмысты жандандыруы қажеттігін айтты.

Бектенов жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға Газ саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспарының іс-шараларын сапалы және уақтылы іске асыруды жалғастыруды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы