Қазір Орал киіктері популяциясының саны 2 млн-нан асып кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осыған дейін ауыл-аймақтан 500 шақырым жерде мекендейтін киіктер қазір Орал қаласынан 50-60 шақырым жердегі ауылдарға келген. Бұл туралы «AMANAT» партиясында өткен жиын барысында айтылды.
Жиында Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту мәселелері талқыланды. Үш өңірдің шаруалары мен кәсіпкерлері бірнеше министрліктің өкілдеріне сауалын тікелей қоюға мүмкіндік алды.
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев аймақтағы шаруаларды алаңдатып отырған бірқатар проблеманы ортаға салды. Мәселенің бірі өңірдегі киік популяциясына қатысты болды. Облыс аумағында киіктердің саны жыл сайын қарқынды өсіп келеді. Әуе санағының қорытындысына сәйкес, қазіргі таңда Орал киіктерінің саны 1130 мың басқа жетіп отыр. Биылғы төлімен қосқанда 2 млн бастан асуы ықтимал.
Қазір киіктер санының артуы Батыс Қазақстан облысындағы төтенше жағдай деп айтуға болады. Киіктердің көбеюі олардың тіршілік ету аймағын кеңейтіп отыр. Нәтижесінде Ақжайық, Бөкей орда, Жәнібек, Жаңақала, Казталов, Тасқала және Бәйтерек аудандарының ауыл шаруашылық алқаптары зақымданды. Осыған байланысты тиісті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап, киіктердің санын реттеу бойынша шұғыл шараларды қабылдау қажет деп санаймыз, - деді М.Мұқаев.
Оның айтуынша, облыста киіктерді корал әдісімен аулап, етін мал сою кешендері арқылы өңдеу жұмысын пысықтау мақсатында бірнеше кеңес өткізілген. Облыс аумағында киік союға мүмкіндігі бар қуаттылығы әртүрлі 3 ет өңдеу кәсіпорыны жұмыс істеп тұр. Тек киік санын реттеудің нақты механизмі жоқ.
Бұл мәселе бойынша Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шәрбиев қазір киіктердің санын реттеуге қатысты Үкіметтің Қаулысы әзірленіп жатқанын айтты.
Біз биологиялық негізді күтіп отырмыз. Механизмдер мен мерзімге келетін болсақ, спорттық-әуесқойлық аң аулау мәселесі қарастырылды, бірақ заңнамаға сәйкес алдымен аңшылық шаруашылықтарды тіркеу қажет. Ал тіркеу осы күзде жүреді. Сәйкесінше, бұл істі биыл спорттық-әуесқойлық аң аулау бойынша жүзеге асыру мүмкін емес. Осы жыл барлық аңшылық шаруашылықтар 15 қыркүйектен 1 желтоқсанға дейін тіркеуден өтуі тиіс. Содан соң институттар киіктерді аулаудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесін әзірлейді, - деді ол.
Сонымен қатар, жиында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек өңірлердегі кәсіпкерлер мен шаруалардың мал азығын дайындауға субсидия беру, күзгі жиын-терінге арзан бағамен жанар-жағармай алу, жайылымдық және шабындық жер тапшылығы сияқты т.б. сұрақтарына жауап берді.