Еліміздің барлық өңірінде сакралды нысандарды және ұлттық табиға парктердің аумағын тазалауға бағытталған «Kieli Tabigat» республикалық экоакциясы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен өткен акцияға барлық өңірде 2 мыңнан астам адам қолдау көрсетті. Олардың арасында мәдениет саласының қайраткерлері Лейло Бекназар, Құрмаш Маханов, Асылхан Шалхаров, танымал әншілер Әміре Ахмедьяров, Рухия Байдүкенова, Сырымтай Еңсепов, Зарина Алтынбекова, республикалық жастар ұйымдары, Ассамблея жастары, Қазақстан студенттер Альянсы, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы, жастар ресурстық орталықтары, сонымен қатар барлық өңірде мәдениет саласының қайраткерлері және эстрада жұлдыздары бар.
Экоакция аясында тазалау жұмыстары киелі, сакралды нысандарда яғни Түркістандағы Қожа-Ахмет Яссауи кесенесі, Жамбыл облысындағы Айша-Бибі кесенесі, Қызылорда өңіріндегі «Сығанақ» қалашығы, Астанадағы «Бозоқ» қалашығы және Шарын, Қарқаралы, Баянауыл, Бурабай, Ұлытау ұлттық табиғи парктері және мемориалды кешендер өткізілді.
Акцияның мақсаты халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, Сакралды және ұлттық табиғи парктер, тарихи-мәдени орындарда өзін дұрыс ұстау экологиялық мәдениетін дамыту және болашақ ұрпаққа тарихи-мәдени мұраны жеткізу.