Биыл еліміздің көмір тұйықтарындағы түрлі маркадағы отын қоры шамамен - 577 мың тонна. Бұл туралы үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жалпы, коммуналдық тұрмыстық қажеттілікке және халықтың пайдалануына арналған көмір қоры -8,2 млн тонна. Жылыту маусымы басталғаннан бері шамамен 3 млн тонна жеткізілді. Бұл жылдық жоспардың 37,1 пайызы ғана. Өткен жылы жоспардың орындалуы 35,1 пайыз болғанын атап өткен жөн, - деді Өнеркәсіп министрі.
Министрдің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда еліміздің көмір тұйықтарындағы түрлі маркадағы отын қоры шамамен - 577 мың тонна.
Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 100 мың тоннаға артық. Министрлік тарапынан өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету бойынша тұрақты мониторингі жүргізіліп жатыр. Қазақстан темір жолы мен көмір өндіруші кәсіпорындар көмірдің қажетті көлемін жеткізуге дайын. Сонымен қатар, әлеуметтік көмірдің елден тыс жерлерге кетуін болдырмау мақсатында көмір экспортына лицензия беруді көздейтін үкімет қаулысы қабылданды, - деді Шарлапаев,
Одан бөлек министр делдалдардың жұмысын болдырмау мақсатында, көмірді сатуды биржаға шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде екенін айтады.
Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде жылыту маусымы басталып, халық тарапынан көмір сатып алу белсенді түрде жүріп жатыр. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде, халықтың көмірді сатып алуы бойынша, ақпараттандыру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет, - деді ол.
Бұған дейін үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев батыс пен оңтүстік өңірлерге қашан жылу берілетінін айтқан еді.