Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова айтты.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда 15 мыңнан астам адамның екпеге қарсы медициналық көрсетілімдері бар көрінеді.
Бүгінгі таңда 15 730 адамның вакцинаға қарсы көрсетілімдері бар. Өңірлер бойынша деректер өзгеруі мүмкін, өйткені бүгін вакцинацияның модуліндегі ақпараттық жүйемізде екпе алуға келген адамдардың медициналық көсретілімдері есепке алынады. Яғни адам вакцина салдыруға келгенде тексеру барысында оған екпе алуға медициналық тұрғыдан босатуға рұқсат берілген. Бұл тұрақты және уақытша қарсы көрсетілімдер болуы мүмкін, - деді Айжан Есмағамбетова.
Сондай-ақ жүкті әйелдер мен балаларға қатысты да деректер өзгеріп отыруы қалыпты көрінеді.
Орта есеппен жылына 400 мың бала дүниеге келеді десек, ол жылына 400 мың жас босанған әйел мен сәбиге тең. 5-5, 6 млн баланы қосыңыз. Асқынған созылмалы ауруы бар адамдар бар. Ол да қарсы көрсетілім болып табылады, - деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы.
Еске сала кетейік, бұған дейін емізулі баласы бар әйелдерге вакцина салынуы туралы жазған болатынбыз.