Елімізде интернет желісінің төмендеуіне не себеп болды?

15 Сәуір 2020, 16:33
1940
Бөлісу:
Елімізде интернет желісінің төмендеуіне не себеп болды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев елдегі интернет жылдамдығы төмендегеніне қатысты пікір білдірді. Ол бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.

Соңғы бірнеше апта елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілгелі бері "Қазақтелеком" компаниялар тобының сыртқы интернет арналарға арналған трафик көлемі 20 пайызға артты. Ал, Google, Youtube, түрлі әлеуметтік желілер және мессенджерлер трафигі бірден 15 пайызға көтерілді, - деді ол.

Басқарма төрағасының айтуынша, интернеттің төмендеуіне қазақстандықтардың басым бөлігі қашықтан жұмыс істеуге көшіп, видеоконтент қолданушылар санының артуы себеп.

"Қазақтелеком" компаниясының абоненттік базасына наурыз айында 25 мыңнан астам үй қосылды. Сыртқы интернет желісінде трафик біршама өсті. Сол себепті, біз сыртқы интернет арналардың сыйымдылығын 365 гигабитке көтердік. Карантин енгізілгенге дейін сыртқы трафик 1200 гигабит болса, қазір ол - 1560 гигабитті құрайды, - деді ол.

Қуанышбек Есекеев ТЖ енгізілгеннен бастап "Қазақтелеком" компаниясы бірқатар компаниямен келіссөздер жүргізгеніне тоқталды.

Олардың арасында Mail.ru, Yandex сияқты ресейлік компаниялар да болды. Сонымен қатар, Google, Facebook және Netflix компанияларымен де келіссөздер жүргізілді. Соның нәтижесінде кэштеу серверлері жасалды. Қазір сыртқы трафик көлемінің 92 пайызын біздің серверлер кэштейді деп айтуға толық негіз бар. Ақпарат таратудың бір бөлігі, мысалы, Youtube біздің ішкі серверлер арқылы өтеді. Сондай-ақ, Netflix және өзге де видеосервистермен де битрейт көлемін төмендетуге қатысты келіссөздер жүргізілуде. Бұл видеосервис контентін қазақстандықтардың барлығы бірдей алу мақсатында жасалып отырған шара, - деді ол.
Бұған дейін, елімізде жыл соңына дейін 643 ауыл интернет желісіне қосылатыны белгілі болды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының байланыс нарығындағы қызметтердің жалпы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 12,8%-ға артқаны хабарланды.


Өзгелердің жаңалығы