Елімізде екі қант зауыты салынады

7 Қараша 2024, 15:50
328
Бөлісу:
Елімізде екі қант зауыты салынады
Фото: pixabay.com

Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова елімізде 2 қант зауыты салынатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда қант өндіретін 4 зауыт жұмыс істеп тұр. 2023 жылы ішкі нарықтың сұранысы 507 мың тонна қант еді, оның 44% қамтамасыз етілді, оның 13% - отандық шикізат есебінен, - деді спикер ОКҚ-да өткен брифингте.

Оның сөзінше, қантқа жоғары импорттық тәуелділік мәселесін шешу үшін министрлік көптеген жұмыстар атқарып жатыр. Оның ішінде, қант қызылшасын өсіруге арналған ауылшаруашылық техникасын сатып алуға субсидия мөлшері 25%-дан 50%-ға дейін, қант қызылшасын өңдеуге берілген субсидиялау нормативі 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін көтерілді.

2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 18 мың тоннаға жуық қант қызылшасынан жасалған қант өндірілді бұл өткен жылмен салыстырғанда 58%-ға жоғары, - деді Хатепова.

Сонымен қатар спикердің айтуынша, елімізде қант өндірісін ұлғайту мақсатында қосымша 2 зауыт салу мәселесі қарастырылып жатыр.

Мәселен, Жамбыл облысының Шу қаласында К-Агро компаниясы түрік Anadolu Holding компаниясымен бірлесіп, жылына 150 мың тонна қант өндіретін заманауи қант зауытын салу мәселесін қарастыруда. Павлодар облысында «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ресейлік «Торговый дом ФЕНИКС» ЖШС әлеуетті инвестормен бірлесіп, Ақсу қаласында қуаты жылына 100 мың тонна қант өндіретін зауыт салу жобасын қарастыруда. Жобаның құны – 43,5 млрд теңге. Жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру арқылы отандық қант өндірісін ұлғайту және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді, - деді Назгүл Хатепова.

Еске салайық, бұған дейін Хатепова еліміздегі азық-түлік өндірісі артып келе жатқанын айтқан еді.

Өзгелердің жаңалығы