Бензин бағасы бір жылда айтарлықтай өзгермеді, ал дизель отыны бірден 16%-ға қымбаттады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Energyprom.kz мәліметтері бойынша биыл қаңтар айында елімізде 494,1 мың тонна бензин өндірілді. Бұл былтырғы қаңтар айымен салыстырғанда 20,6% көп. Дизель отыны өндірісі 13% өсіп, 421,8 мың тоннаға жетті.
Өңірлер бойынша саралайтын болсақ, ең көп бензин Шымкентте өндірілді: 196,7 мың тонна, жылына плюс 14,6%. Екінші орында Павлодар облысы тұр: 155,1 мың тонна. Үшінші орынға Атырау облысы табан тіреді: 141,7 мың тонна.
Дизель отынын шығаруда Павлодар облысы көш бастап тұр: 149,1 мың тонна - былтырғы жылмен салыстырғанда 11,1% көп. Бұдан бөлек Шымкентте 148 мың тонна, Атырау облысында 109,4 мың тонна өнім шығарған.
2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында жалпы елімізде 5 млн тонна бензин және 5,4 млн тонна дизель отыны өндірілді. Өндіріс сәйкесінше, 3,1% және 8,3% ұлғайды.
2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар жергілікті нарықты бензинмен 99,1%-ға қамтыды. Былтыр бұл көрсеткіш 99,97% шамасында болған.
Елімізге 43,3 мың тонна бензин импортталды. Ал осы саладағы барлық заңды шектеулерді ескерсек, экспортқа бар болғаны ресурстың 0,5% немесе 24,2 мың тонна бензин жөнелтілді. Былтырғы кезеңмен салыстырсақ, 76%-ға аз.
Ішкі нарықта 5 млн тонна бензин өткізілді. Бұл 2021 жылғы қаңтар-желтоқсан айларына қарағанда 5,7%-ға көп.
Бұл ретте жергілікті компаниялар дизель отынымен нарықты 96,8%-ға қамтып отыр. Бір жыл бұрын аталған көрсеткіш 93,7% шамасында болған. Импорт 3,2%-ға төмендеді. Елге 177,7 мың тонна дизель отыны импортталды. Бұл 2021 жылғы қаңтар-желтоқсан айларына қарағанда 47,2%-ға аз.
Ішкі нарықта дизель отынын өткізу бір жылда 7%-ға өсіп, 5,5 мың тоннаға жетті.
Биыл қаңтар айының қорытындысы бойынша бензин аздап арзандан (жылына 0,1%), ал дизель отыны айтарлықтай қымбаттады (жылына 15,7%).
Дизельдің қымбаттауы Атырау облысында қатты сезіледі. Себебі мұнда бір жылда бірден 44,8% өскен. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан (плюс 39,1%) және Шығыс Қазақстан (плюс 37%) облыстарында да дизель бағасы өсті. Маңғыстау және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматыда бағалар былтырғы деңгейде қалды. Ал Ұлытау облысында дизель отыны, керісінше, 2,8% арзандады.
Айта кетейік, қазір Қазақстан бензин мен дизель отынының шығарылуына тыйым салуда.