Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде болып жатқан кез келген қайғы-қасірет – барлығымызға ортақ. Оның қай өңірде орын алғаны маңызды емес. Бұл туралы "Ахыска" республикалық түрік этномəдени бірлестігінің төрағасы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Зиядин Хасанов Мақтаарал тұрғындарына гуманитарлық көмек жіберу барысында айтты.
Жиын барысында ол, областық және қалалық этно бірлестіктер Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасын қолдап, Мақтааралға көмек жіберіп жатқандарын айтты.
Еліміздің бір ұшында қиын жағдай болса оған жұмыла көмектесу қазір жақсы дәстүрге айналып отыр. Пандемия кезеңіне қарамастан барлық орталықтар бірлесіп көмек жинап жатырмыз. Бүгін Алматыда 8 жүк көлігі аттанып отыр. Кеше Түркістан облыстық филиалы, Тараз қаласындағы бөлімшелер де осылай көмек жинап жіберді. Осындай қиын сәтте қол ұшын созып, көмек беріп жатқандардың барлығына алғыс білдіремін,-деді ол.
Сондай-ақ Алматыдағы ұйғыр этно-мәдени орталығының төрағасы Абдухалил Долкунтай да су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал тұрғындарына көмек беріп жатқан барлық этно бірлестіктерге алғысын жеткізді.
Бұл алланың бізге берген бір сынағы шығар. Мұндай кезде бәріміз бір ата мен ананың баласындай бірігіп, көмектесетін болсақ тәуелсіз Қазақстанымыздың бірлігі нығайып, қарыштап дами береді. Осындай қиын жағдайда көмегімізді аямайық,-деді ол.
Айта кетсек, бүгін ҚХА Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп 8 жүк көлігіне тиелген 98 тонна азық-түлік, құрылыс материалдары, киім-кешек және басқа тұрмыстық заттарды Мақтааралға жіберген еді.