Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында алғаш рет республикалық 10 телеарнаның тікелей эфирінде "Біз біргеміз" жалпыұлттық телемарафоны өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәлімдеуінше, «Qazaqstan», «Хабар», «Jibek Joly», «Еуразия», «КТК», «31 арна», «Atameken Business», «Astana TV», «Almaty TV» және «7 арна» телеарнасында бес сағат тікелей эфирде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың, құтқарушылардың оқиғалары баяндалып, журналистердің репортаждары көрсетіледі.
Басты кейіпкерлер – құтқарушылар, дәрігерлер, әскери қызметкерлер, волонтерлер, полицейлер, кәсіпкерлер және қиын кезеңде жұмыла білген жергілікті тұрғындар. Өз денсаулығы мен өміріне қауіп төнсе де, олар өздерінің қызметтік, азаматтық міндеттерін абыроймен орындады және әлі де орындап жатыр.
Эфир барысында ресми тұлғалардың өңірлердегі су тасқыны салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары баяндалып, мемлекет қабылдап жатқан тұрғын үймен қамтамасыз ету, материалдық шығынды өтеу, инфрақұрылымды қалпына келтіру шаралары және т.б. тақырыптар талқыланады.
Бүгін сағат 17.00 – 22.00-ден бастап 8 өңірде (Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Жамбыл облыстары) тікелей эфир ұйымдастырылады.
Онлайн трансляция телеарналардың ресми сайттарында, Facebook және YouTube желісінде және Telegram-арнада жүргізіледі t.me/bizbirgemiz_marathon.