Елімізде бірнеше неміс университетінің филиалдары ашылады

16 Қыркүйек 2024, 14:45
476
Бөлісу:
Елімізде бірнеше неміс университетінің филиалдары ашылады
Фото: Арман Мухатов -архив

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде бірнеше неміс университеттерінің филиалдары ашылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің сөзінше, неміс канцлері Олаф Шольцтің елімізге сапары аясында 6 негізгі құжатқа қол қойылады.

Біріншіден, Алматы энергетика және байланыс университеті негізінде белгілі Анхальт университетінің филиалы ашылады. Энергетика, электр энергетика сияқты бірнеше бағдарламамен бастаймыз. Екіншісі Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде тұрақты инжиниринг филиалы ашылады. Бұл Берлин техникалық университетінің филиалы. «2+1» формуласымен жұмыс істейміз, яғни екі жыл Қазақстанда бір жыл Германияда, тағы бір жыл өндірісте. Үшінші құжат Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жанында Қазақстан-Неміс ғылыми орталығы ашылады, - деді министр.

Сондай-ақ министр Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің негізінде неміс тіл үйрену орталығы ашылатынын хабарлады.

Төртіншіден, Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде металлургия және кен байыту саласындағы арнайы ғылыми-зерттеу орталығы ашылады. Оған бірқатар университет кіреді. Негізгі мақсат – металлургия, сирек металдар, кен байыту бағытында бірлескен ғылыми жобалармен айналысу. Бесіншісі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің негізінде неміс тіл үйрену орталығы ашылады. Бүгін оны ресми ашамыз. Соңғы жылдары неміс тілі ұмытылып кетті. Бұрын неміс тілі мектеп, жоғары оқу деңгейінде жақсы оқытылған. Қазір мүлдем қалған жоқ. Соңғы келісімшарт – Алматыдағы ұлттық аграрлық университет негізінде су шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы ашылады. Қазіргі таңда су мәселесі үлкен мәселеге айналды. Сондықтан арнайы практикалық қолданбалы ғылыми зерттеу орталығы болады, - деп нақтылады Саясат Нұрбек.

Еске салсақ, бүгін Ақордаға Германия канцлері Олаф Шольц келген еді.

Өзгелердің жаңалығы