Бір жылда екінші нарықтағы және жаңадан салынған үйлер 26,9% дейін қымбаттады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросынан мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бір жылда (2022 жылғы қараша – 2021 жылғы қараша аралығында) пәтерлерді қайта сату бағасы – 26,9%, жаңа тұрғын үйлерді сату 17,3% өсті.
Биылғы қарашада пәтерді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 48,6% артты.
Өңірлер бойынша: бір жылда жаңа үйлер Ақтөбеде – 30,3%, Семейде – 26,9%, Ақтауда 25% қымбаттады. Екінші нарықтағы үйлер Талдықорғанда – 44,6%, Ақтауда – 43,3%, Семейде – 42,8%, Ақтөбеде – 42,4%, Астанада – 41,7%, Қызылордада 41,2% өсті. Ал тұрғын үйді жалға алу нарығында бағалар ең көп Алматы (76,6%), Қарағанды (55,7%) және Қостанай қалаларында (54,5%) өсті.
Ал бір айдағы статистикаға жүгінсек (2022 жылғы қараша 2022 жылғы қазанмен салыстырғанда), екінші нарықтағы баспананы қайта сату бағасы – 1%, жаңа тұрғын үйлер 1,2% қымбаттады. Пәтер арендасы алдыңғы аймен салыстырғанда, керісінше 2,4% төмендеді.
«Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпаратты сату операцияларын жүргізетін құрылыс компанияларынан жинаймыз. Бұл ретте пәтердің бастапқы және таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады», – дейді ҚР Ұлттық статистика бюросы баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.